Президент: Тұрақтылық пен тыныштықтың қадірін білу керек
Шенеунік пен шебер, әнші мен малшы бас қосқан отырыс.
Ақордада Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті. Президент отырысқа түрлі саланың майталмандарын шақырып, мемлекеттік наградалармен марапаттады. Елдің жалғыз ұлттық мерекесінде жұмысшы мамандардың мәртебесін асырып, құрмет көрсетті. Ел дамуында осындай еңбек адамдарының сүбелі үлесі барын айтып, реформалар жайын баяндады.
Бүгін Ақордада мерекелік көңіл-күй. Президент резиденциясы Ұлттық мейрам қарсаңында ұлттың қаймақтарын жинады. Лауазымды саясаткерден бастап, электрик, шаруа, машинист те осында. Кейбірі Ақордаға алғаш рет келіп тұр. Мерекені мәртебелі ортада қарсы алған олар қуанышын жасырмады.
БЛИЦ
- Өзімде ойлаған жоқпын осы жаққа келемін деп. Адам өзі біртүрлі болады ғой. Президенттің қолынан награда аласың дегенде адам өзі қобалжып.
- Алғаш рет келіп тұрмын. Ұнап жатыр. Қобалжу бар, сенбестік те бар кішкене. Шынымен, осындай марапатқа ие болғаныма ризамын.
- Көңіл-күй жақсы. Бір жағынан қуаныштымыз, бір жағынан қорқынышты болып тұр ма бірнәрсе болып тұр. (несімен қорқынышты?) Енді бірінші рет Ақордаға келіп тұрмыз.
Иә, бірі толқып, енді бірі таңданады. Көңілде күдік те жоқ емес. Бірақ Президенттің жиындағы алғысөзі сол сенімсіздікті бірден сейілтті. Қасым-Жомарт Тоқаев қонақтарды мемлекетіміздің үздік азаматтары деп атап, меймандардың мәртебесін асырды. Әрі қарай Республика күнінің тарихи маңызына тоқталып, Тәуелсіздік басты құндылығымыз екенін еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз жер жүзіне егемен мемлекет ретінде танылдық. Шекарамызды шегендеп, іргемізді бекітіп, қауіпсіздігімізді қамтамасыз еттік. Бірлігімізді бекемдеп, татулық пен тұрақтылықтың арқасында түрлі сынақтардан сүрінбей өттік. Алайда кемшіліксіз, мінсіз жұмыс болмайтыны анық. Біз өткеннен сабақ алып, ешкімге жалтақтамай, өз жолымызбен жүріп келеміз.
Одан әрі елдегі реформаларды жіпке тізді. Саясатта өзгеріс көп. Экономика да өркендеп келеді деді. Сандарды сөйлетсек, 2019 жылдан бері экономикамыз 16 пайызға өсті, биыл осы көрсеткіш шамамен 137 триллион теңгеге жетті. Осылайша аймақта көш бастадық. Жан басына шаққанда жалпы ішкі өнім 47 пайызға артып, 14 400 долларды құрады. Бұл ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіштің бірі. Ал алтын-валюта резервінің көлемі 58 миллиард доллар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз ұлттық экономиканы түбегейлі жаңғырту үшін әртараптандыруға баса мән беріп отырмыз. Әуе қатынасы саласындағы табыстарымыз да аз емес. Биыл 36 жаңа әуе рейсі ашылды, олардың ішінде Азия мен Еуропаның ірі қалалары бар. Бірақ бұл жүйені одан әрі дамытуымыз керек. Оның үстіне әуе жолдары арқылы жүк тасымалдау жүйесін де (карго) нығайтуымыз қажет.
Өндіріс, құрылыс, ауыл шаруашылығы салаларындағы серпіліс те көңіл көншітеді. Алайда мемлекет негізгі назарды әлеуметтік салаға салады. Қазақстан – Конституция бойынша әлеуметтік мемлекет. Президент осы жауапты миссияны міндетті түрде орындаймыз деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Тұрақтылық пен тыныштықтың қадірін білу қажет. Әсіресе мұны жастарымызға дұрыс түсіндіріп, оларға бағдар көрсеткен жөн. Еліміздің ертеңі өскелең ұрпақтың қолында. Сондықтан жастарымызды ең алдымен Адал азамат етіп тәрбиелеу қажет.
Әлемдегі жағдай ала-құла. Ал Қазақстан осы бағытқа бейімделе отырып, дамуын жалғастырады. Сыртқы саясат та салиқалы болмысынан ажырамайды. Жақында Парламентті реформалау бастамасы көтерілді. Осы ретте оның жұмыс форматына қатысты алып қашпа әңгіме тараған. Қасым-Жомарт Тоқаев көпті толғандырған бұл сұрақтың нүктесін қойды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан Республикасы күшті президенттік билікке арқа сүйеген мемлекет болып қалуға тиіс екенін атап өткім келеді. Бұл қазіргідей алмағайып заманда еліміздің сенімді келешегіне кепіл болады. Өйткені парламенттік жүйе қауіпсіздік пен тәртіп, тұрақтылық пен даму тұрғысынан өз міндетін толық атқара алмай отыр. Кейбір сарапшылар мен саясаткерсымақтардың ұшқары тұжырымдарына көзсіз еріп, мемлекеттілігімізге қатер төндіруге еш хақымыз жоқ.
Мемлекет басшысына соңғы кездері Салық кодексіне қатысты өтініштер жиі түсе бастаған. Содан кейін Үкімет арнайы салық режимі бойынша жұмыс істейтін кәсіптердің тізімін бұрынғы қалпында қалдырды. Алдағы уақытта шағын және орта кәсіпті қолдаудың жаңа тетіктерін қарастырады. Демек, экономикалық реформа жалғасын табады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бизнес салық реформасынан зардап шекпеуге тиіс. Ондай жағдайдың алдын алу үшін Үкімет кәсіпкерлермен сындарлы диалог жүргізуі қажет. Дегенмен экономикалық реформаларды мүлде тоқтатуға болмайды, қаншалықты қиын болса да, оң өзгерістерді міндетті түрде жүзеге асыруымыз керек. Әйтпесе, бәріміз жаппай құлдырауға ұшырауымыз әбден мүмкін.
Президент жұмысшы мамандықтардың маңызына ерекше атап өтіп, олардың бірқатарына арнайы тоқталды. Ең жоғары еңбек марапаты - Қазақстанның Еңбек Ері атағы. Биыл бұл мезірет екі адамға табысталды. Алғашқысы еңбеккерлер әулетінен шыққан Сергей Чернобай. Ол аты аңызға айналған кенші. Өнегелі отбасының жалпы еңбек өтілі 150 жылдан асады. Ал Мұрат Қаражұманов ауыл шаруашылығының майталманы. Бұл салада Қаражұмановтар әулетінің 30-дан астам өкілі жұмыс істейді. Олардың жалпы еңбек өтілі 600 жылдан асады.
Мұрат Қаражұманов, Қазақстанның Еңбек Ері:
- Трактор тізгінінде отырып 45 жылдай жұмыс істеп келе жатырмын. Ешқашан өкінбеймін таңдаған мамандығыма, мақтанамын. Қатты қуаныштымын. сезімімді жеткізе алмай тұрмы. Қатты ризамын еңбегімнің бағаланғанына.
Марапатталғандардың бағыты әртүрлі, бірақ мақсаты бір. Қоғамға, елге, адамға пайдасын тигізу.
Гүлшат Дәуренбекова, Шымкент қ. арнаулы әлеуметтік қызметтер орталығының маманы:
- Осындай мәртебе марапатталу маған үлкен қуаныш сезімін сыйлады. Сонымен қатар осы марапатпен бірге менің алдыңғы өміріме де үлкен үміт сыйлады десем де болады. Біздің саладағы мұқтаж адамдарға көмек көрсету, сол көмектесудің арқасында еңбегім еленіп, осындай мәртебеге жеткеніме қуаныштымын.
Халқымыздың төл мәдениеті де төрге шықты. Жыраулар өнерінің өкілі Алмас Алматов 3-дәрежелі Барыс орденімен марапатталды.
Алмас Алматов, жырау:
- Барша азаматтарға рақметімізді айта отыра, бұл орден қазақ даласындағы жыр өнері, оның мұргарлері жыршы, жыраулардың еңбегіне берілген баға деп білеміз.
Биыл жұмысшы мамандықтарына басымдық берілгенін айта кету керек. Еңбек әулеттерінің 138 өкілі, 500-ге жуық жұмысшы мемлекеттік наградаға ие болды. Одан бөлек, 200-ге жуық шағын және орта бизнестің өкілі, 130-дан астам ұстаз бен ғалым, 100-ден аса медицина қызметкері марапат төріне шықты.
Марапат төріне шыққандар
Еңбек әулеттерінің өкілі – 138
Жұмысшысы мен еңбеккерлер – 500-ге жуық
Шағын және орта бизнес өкілі – 200-ге жуық
Ұстаз бен ғалым – 130-дан астам
Медицина қызметкері – 100-ден аса
Бекзат Аманов, тілші:
- Бүгін бұл есік батырлар үшін айқара ашылды. Батыр болу қару асынып, ел қорғаумен шектелмейді. Қарапайым ғалым, дәрігер, ұстаз, шаруа немесе электрик болып та қаһарман атануға болады. Бүгін Ақордада осы үрдістің куәсі болдық. Резиденцияның бүгінгі кейіпкерлері елі үшін ерінбей еңбек еткен ерлер. Ал бұл шара мемлекеттің оларға деген алғысы.
Бекзат Аманов, Асхат Қарақойшиев