Президент «Қазмұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасын қабылдады

«ҚазМұнайГаздың» капиталы 22 триллион теңгені құрайды.

Компанияның қаржылық жағдайы жалпы сомасы 16,7 триллион теңге болатын ауқымды инвестициялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Бүгін Асхат Хасенов Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық компанияның он айда атқарған қызметінің нәтижелері туралы есеп берді. Президентке компания 2026-2030 жылдарға арналған геологиялық барлау жұмыстарының бағдарламасын қабылдағаны жөнінде баяндалды. 23 жобаны іске асыру аясында 26 іздестіру барлау ұңғымасын бұрғылау көзделіп отыр. Оның әлеуеті 4,7 миллиард тонна шартты отынға тең. Мемлекет басшысына жасанды интеллект көмегімен кен орындарының цифрлық телнұсқасы енгізіліп жатқаны туралы айтылды. Бұған қоса тауарлық газ өндіруді қысқа мерзімде ұлғайтуға бағытталған инвестициялық жобалар жөнінде мәлімет берілді. Есепті кезеңде отандық мұнай өңдеу зауыттарында 14,9 миллион тонна мұнай өңделді. Жыл қорытындысы бойынша жеңіл мұнай өнімдерінің көлемі былтырғымен салыстырғанда 800 мың тоннаға өскен. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Атырау облысындағы ірі мұнай-газ химиясы жобаларының құрылыс барысы таныстырылды. Кездесу қорытындысы бойынша Президент геологиялық барлау және инвестициялық жобаларды іске асыру бағыттарында жүйелі жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыз: