Қ. Тоқаев мемлекеттік сапармен Ресейге барды
Мәскеу төрінде – маңызды тарихи сәт.
Бүгін қазақ басшысы Ресейге алғашқы мемлекеттік сапарымен барды. Ертең қос ел президенті стратегиялық әріптестік пен одақтастық туралы Декларацияға қол қоймақ. Бұл екі мемлекеттің арасындағы өзара сенім мен тығыз ынтымақтастықтың айқын көрінісі.
Мемлекеттік сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин энергетика, сауда және транзит бағыттарындағы серіктестікті тереңдету мәселесін талқыламақ. Сондай-ақ Орал қаласында өтетін ХХІ Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық сессиясына бейнебайланыс арқылы қатысатын болады.
Риат Шони, тілші:
- Қазақстан Президенті талай рет Ресейге ат басын бұрып, түрлі маңызды шараларға қатысқанымен бұл жолғы сапардың мәні де, мәртебесі де бөлек. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент лауазымындағы солтүстіктегі көршімізге жасаған алғашқы мемлекеттік сапары. Қазақ басшысы мінген номер бірінші борт Ресей астанасына түс ауа келіп қонды. Мәртебелі мейманға деген құрмет ерекше. Президент бортының қауіпсіздігін жойғыш ұшақтар қамтамасыз етті. Ал әуежайда құрмет қарауылы сап түзеп, Қазақстан Республикасының гимні орындалды.
Бұдан соң мемлекет басшысы жергілікті студенттермен тілдесті. Бұл жастар қазақ тіліне зор қызығушылық танытып, оны жіті меңгеріп жүр екен.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Екі елдің мәдени-гуманитарлық байланысы жоғары деңгейде. Осыдан 25 жылға жуық уақыт бұрын Ресейдің беделді білім ордасы - Михаил Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті ТМД төңірегінде алғашқы филиалын Қазақстанда ашқан болатын. 2,5 ғасырдан астам тарихы бар жоғары оқу орны елімізде осы күнге дейін 3 мыңнан астам маман даярлап шыққан. Қазір де көптеген жастарымыз осы іргелі білім ордасында оқып жатыр.
Александр Сидорович, М.В.Ломоносов атындағы ММУ қазақстандық филиалының директоры:
- Біз университетімізге қазақ ұлтының мектеп түлектері, қазақ жастарыныңң көптеп түсуіне аса қызығушылық танытамыз. Себебі олар ертең қазақ интеллигенциясынның маңызды бөлігін құрайтын болады. Бұл біз үшін өте маңызды. Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы - Қазақстанда ғылым мен білімнің қалыптасқан орталығы. Жоғары деңгейде маман даярлауды қамтамасыз етеді. Студенттеріміз Мәскеу университетінің жоғары стандартына сай дайындалады және Қазақстанда жоғары бағаланады. Әрі сыйлы болып саналады.
Негізі екі ел арасында жоғары деңгейдегі байланыс еш ажырамаған. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин биыл түрлі іс-шаралар алаңында 5 мәрте жолықса, жыл басынан бері 10 рет телефон арқылы сөйлескен. Бірақ талқыланатын мәселе әлі де жетерлік. Енді мемлекеттік сапардың негізгі күні, яғни ертең Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысымен екіжақты келіссөз жүргізіп, әріптестік аясын кеңейту жайын талқыламақ. Негізінен энергетика, сауда-саттық және транзиттік дәліздерді нығайту мәселелері қаузалмақ. Тағы екі елдің басшысы Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынасты стратегиялық әріптестік пен одақтастық деңгейіне көтеру жөніндегі Декларацияға қол қояды деп жоспарланған. Бұл құжат өзара сенімнің жоғары екенін және барлық салада ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенімізді көрсетеді.