Қ. Тоқаев «Заң мен тәртіп» қағидатын еске салды
Мемлекет қазынасына ауыз салу, Ата заңдағы талаптарды аяққа таптау – елге жасалған ең ауыр қастандық. Форумда осылай деген Президент қоғамдық дерттің бәріне, әсіресе сыбайлас жемқорлыққа қарсы батыл күрес жүргізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды 24KZ.
Қандай да бір жоғары награда, керемет білім немесе мол тәжірибе – заңға қайшы әрекет жасаған кезде кешіруге негіз болмайды. Кешегі табыс емес, бүгінгі жұмыс бағалануға тиіс. Тәртіпті бұзбау, адал болу, жинақы жүріп, мемлекет мүддесіне қиянат жасамау – лауазымды тұлғаларға қойылатын қарапайым әрі орынды талап. Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында Конституциядағы «Заң мен тәртіп» қағидатын тағы бір еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Біз ұлт Конституциясында «Заң мен тәртіп» қағидатын халқымыздың аса маңызды құндылығы деп айқындадық. «Заң мен тәртіп» – мен үшін Әділетті Қазақстанды құру жолындағы басты ұстаным. Түптеп келгенде, ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер дәл осы қағидатқа негізделеді. Өйткені заң үстемдік етпесе, қоғамда тәртіп болмаса, ешқандай реформаның нәтиже бермесі айдан анық.