Мемлекет басшысы World Boxing президенті Геннадий Головкинді қабылдады
Мемлекет басшысы World Boxing президенті Геннадий Головкинді қабылдап, жаңа қызметімен құттықтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Геннадий Головкин жаһандық деңгейдегі спорттық құрылымды басқарып отырған алғашқы қазақстандық екенін тілге тиек етті. Кәсіби біліктілігінің арқасында ұйымды жаңа белеске көтеріп, бокс көкжиегін кеңейтетініне сенім білдірді. Мемлекет басшысы сондай-ақ танымал спортшының Ұлттық олимпиада комитетіндегі қызметіне де жоғары баға берді. Әсіресе Халықаралық Олимпиада комитетімен ынтымақтастықты жолға қойғанын ерекше атап өтті. Кездесу барысында Президент отандық спортты дамытуға сіңірген елеулі еңбегі үшін Геннадий Головкинді І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.