Қазақстан мен Түрікменстан арадағы сауда көлемін 1 млрд долларға жеткізуді көздеді
Қазақстан мен Түрікменстан арадағы сауда көлемін 1 млрд долларға дейін жеткізуге бел буып отыр.
Бұл міндетті орындау жайы мен өзге бағыттардағы әріптестікті арттыру мәселесін бүгін елімізге мемлекеттік сапармен келген Түрікменстан Президенті қазақ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен талқылады. Президенттер мәдени-гуманитарлық, көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы сынды бағыттарда күш біріктіру мәселелерін де қаузады.
Әдетте қарашаның қара суығы қысатын Астана бүгін ерекше жылы. Елорда ауа райы тамырлас, тағдыры ұқсас түрікмен ағайынмен арадағы байланысты сипаттап тұрғандай. Бауырлас елмен байланыс ежелден бекіген.
Алыстағы ағайыннан жақындағы көршің артық. Елімізге мемлекеттік сапармен келген Түрікменстан Президентін Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада құшақ жая қарсы алды.
Түрікмендермен түйіні тарқамаған мәселе жоқ. Тату көршілік, тұрақты әріптестік бағытында дамып жатқан байланыс жыл сайын бекемдей түсуде. Серіктестіктің сапасына көңілі толатындығын Президент те Сердар Бердімұхамедовпен екіжақты келіссөз барысында жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Екі ел серіктестігінің ауқымы мен сапасына көңіліміз толады деп айтуға негіз бар. Бұл ынтымақтастық стратегиялық сипатқа ие. Дегенмен алға қадам басу қажет. Күн тәртібінде өте маңызды мәселелер тұр. Бүгін олардың шешімін бірлесіп табамыз деп ойлаймын.
Түрікменстанмен 30 жылдан астам уақыт ішінде арада дорба емес жорға жүргізген жайымыз бар. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 550 млн доллардан асқан. Оның 220 млн-ға жуығы қазақстандық экспорт. Енді тараптар бұл көрсеткішті еселеп арттырып, 1 млрд долларға дейін жеткізбек жоспарда.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Жол картасын дайындадық. Оның ішінде бірнеше шаралар болады. Сауда үйін ашу рәсімі бойынша қазір жан-жақты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Оған қосымша 150 млн долларға экспорттық тауарлардың ұсынысын бердік.
Сауданың көркін қыздыру үшін әрине қолайлы жағдай жасау қажет. Нақтырақ айтқанда тиісті инфрақұрылым болуы маңызды. Осы бағыттағы ірі жобалардың бірі – қос ел арасын жалғайтын тас жолды қалыпқа келтіру. Қазақстан тарапы Жаңаөзеннен Темір баба өткізу пунктіне дейінгі аралықты жөндеуге кіріскен.
Қазбек Мәмбетов, "Қазавтожол" ҰК облыстық филиалының директоры:
«Жаңаөзен-Кендірлі-Түркіменстан Республикасы шекарасындағы» жоба. Бұл жерде 114 шақырым орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Оның арғы жағында 179-дан 229-ға дейін 50 шақырымды күрделі жөндеуді бастап кеттік. Маңғыстау облысында 95 пайызы асфальттанған жолдар болса. Республикалық маңызы бар, соның жетпей тұрған 5 пайызы осы күрделі жөндеу болып тұр.
Бұл бағыттың жалғасын түрікмен тарапы да жасап жатыр. Мәселен, осы айдың басында Қарабұғаз шығанағында жаңа көпір ашылды.
Нұрлан Ноғаев, Қазақстанның Түрікменстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі:
- 3 қарашада Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов Түрікменбашы-Қарабұғаз қаласына дейін 207 км жолдың құрылысын бастауға рұқсат берді. Өзі қатысты сол шараға. Себебі Қарабұғаздың үстімен көпір салынған болатын. Енді жол салынады. Ақтау-Түрікменбашы арасындағы жол тауар айналымын жақсартуға ықпал етеді.
Бүгінде Қазақстан мен Түрікменстан қарым-қатынасы сенім мен сыйластыққа негізделген стратегиялық серіктестікке айналды. Кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізген президенттер әріптестік аясын одан әрі тереңдету жайын талқылады. Басымдық негізінен мәдени-гуманитарлық және көлік-логистика бағыттарында. Бұдан бөлек энергетика, ауыл шаруашылығы мен IT салаларында да күш біріктіру жайы қаузалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстанда түрікмен капиталы бар 140-қа жуық компания табысты жұмыс істейді. Осы арқылы аталған кәсіпорындар экономикалық байланысты нығайтуға зор үлес қосып келеді. Қазақстанның Түрікменстанға құйған инвестициясы 120 миллион доллардан асты.
Сердар Бердімұхамедов, Түрікменстан Президенті:
- Саяси-дипломатиялық салада Түрікменстан мен Қазақстан жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша сындарлы ықпалдастық орнатқан. Атап айтқанда, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, энергетикалық тұрақтылықты нығайту, көлік байланысын ілгерілету, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу және климат өзгерісіне қарсы күрес мәселелері бойынша ұстанымдарымыз ортақ.
Түрікменстанның Қазақстан секілді транзиттік әлеуеті зор. Бүгінде Солтүстік – Оңтүстік көлік дәлізінің маңызды буыны ретінде Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржол бағдары ерекше роль атқарады. Сондықтан да президенттер көлік-логистика саласында екпін беріп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Биыл он айда тасымал көлемі бір жарым миллион тоннаны құрап, 14 пайыз ұлғайды. Тарифтерді оңтайландыру, әкімшілік үдерістерді жеңілдету шаралары қабылдануда. Контейнерлік тасымалды жандандыру үшін Каспийдегі Ақтау, Құрық, Түрікменбашы порттарының көлік-логистикалық әлеуетін толық пайдалануға уағдаластық.
Сауда үшін жаңа нарықтарды іздеу қашанда маңызды. Осы ретте Түрікменстан арқылы 200 млн-нан астам халқы бар Пәкістанға, ары қарай Үндістан сынды елдерге шығу мүмкіндігі бар. Ол үшін Серхетабад-Тургунди-Герат, яғни Түрікменстан мен Ауғанстанды байланыстыратын темір жол желісін төсеу жайы қаралып жатыр. Тағы астық терминалын салу жоспарға енді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан бидайын түрікмен нарығына жеткізу көлемін арттыруды егжей-тегжейлі талқыладық. Сонымен қатар өсімдік майы, макарон және ет-сүт өнімдерінің экспортын ұлғайтуға мүмкіндігіміз бар. Түрікменстан-Ауғанстан шекарасында астық терминалын салу перспективасын пысықтадық.
Сан саладағы әріптестік - екі елдің болашаққа бірге қадам басуға бейілді екенін көрсетеді. Тараптардың бұндай ниеті құжаттармен қатталып, меморандумдармен бекіді. Келіссөз қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов Бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Ал екі ел делегациялары үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдермен алмасты.
Риат Шони, Марат Диханбаев және Ділмұрат Сейдаханов