Президент Алматы облысының әкімін қабылдады

Соңғы 3 жылда Алматы облысының жалпы өңірлік өнімі 1,8 есе артып, халықаралық компаниялардың қатысуымен тағам өнеркәсібі, логистика және металлургия салаларында 13 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр.

Нәтижесінде биылғы тоғыз айда өңдеу өнеркәсібінің экспорты  618,5 миллион долларға жеткен. Бұл туралы Мемлекет басшысының қабылдауында Алматы облысының әкімі мәлімдеді. Марат Сұлтанғазиев Алматы облысы  ауыл шаруашылығына арналған мемлекеттік субсидияларды тиімді пайдаланатын жетекші өңірдің бірі екенін жеткізді. Мәселен, бір теңге субсидияға 17 теңгеге дейін ауыл шаруашылығы өнімі өндіріледі. Тауарлы сүт фермаларының саны 11-ге дейін көбейді, деді ол. Сондай-ақ өңір басшысы Қапшағай су қоймасы мен ұлттық табиғи парктер айналасындағы туризм кластерінің даму барысын таныстырды. Мемлекет басшысы облыс әкіміне өңірдің өнеркәсіп және аграрлық әлеуетін нығайту, логистика, туризм салаларын дамыту, сондай-ақ тұрғындарды толғандыратын өзекті мәселелерді кешенді түрде шешу жөнінде бірқатар тапсырма берді.