Алматы облысында 24 мектеп үш ауысымда білім беріп жатыр
Жоғары білім жүйесіндегі ілкімді істерді жіпке тіздік. Алайда білім саласында әлі де өзекті мәселелер баршылық. Алматы облысында 24 мектепте оқушылар үш ауысыммен білім алуға мәжбүр. Олардың басым бөлігі Іле ауданында орналасқан, деп хабарлайды 24KZ.
Халық тығыз қоныстанған аудандағы 16 мектепте оқушы саны шамадан тыс көп. Жалпы Алматы облысы құрылған кезде өңірде үш ауысымды 52 мектеп болса, бүгінде бұл көрсеткіш екі есеге қысқарған. Соңғы төрт жылда облыста 26 «Келешек мектебі» пайдалануға берілді. Алдағы уақытта да жаңа білім беру нысандарының есебінен үш ауысымды мектептер мәселесін кезең-кезеңімен шешу көзделіп отыр.
Өтеген батыр ауылындағы №7 орта мектептің іргетасы 1972 жылы қаланған. 1176 орындық білім ошағында 2500-ден астам оқушы білім алады. Мектеп 2021 жылы үш ауысымға көшті. Бастауыштың 9 сыныбы үш ауысымда болғандықтан жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын аттаған кішкентай балалар күн ұясына батқан мезетте үйлеріне қайтып жүр.
Жәмилә Төлегенова, №7 орта мектеп директоры;:
– Өтеген батыр ауылында мектебіміз аз ғой, бала саны көп, оқушы көп, сондықтан олар да көнеді, бірақ болашақта үміттерін үзбейді осы біздің ауылымызға, Өтеген батыр кентіне жаңа мектеп салынады деген үмітте, бәріміз күтудеміз.
Ақмарал Атенбекова, Алматы облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:
– 2022 жылы өңірде үш ауысымды мектептер саны 52 болса, бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 24-ке дейін азайды. Енді үш ауысымды мектептер мәселесін толығымен шешу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Алайда өңірде оқушылар саны жыл сайын 7-10 мыңға артып отыр. Мәселен, 11-сыныпты жыл сайын 17-18 мыңға жуық түлек аяқтаса, бірінші сыныпқа 35 мыңнан астам оқушы қабылданады. Өңірдегі 447 мемлекеттік мектепте 388 мыңнан астам оқушы білім алады. Алматы облысы қайта құрылған төрт жыл ішінде 75 жаңа мектеп қолданысқа берілді. Оның 26-сы – «Келешек мектебі». Биылғы жаңа оқу жылында осындай заманауи білім беру ұйымдары Іле ауданының Нұрғиса Тілендиев және Түймебаев ауылдарында да ашылды.
Алқар Рақымжан, 10-сынып оқушысы;:
– Осы мектепке келгелі бері үлкен жобалар мен олимпиадаларға қатысып, көптеген мүмкіндіктерге қол жеткіздік. Мектебіміздің ерекшеліктері де көп. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Көптеген кабинеттеріміз бар, барлығы да заманауи талаптарға сай.
Асқар Садықов, Іле ауданы әкімінің орынбасары:
– Іле ауданында біз қосымша 10 жер телімін дайындап отырмыз «Келешек мектепті» салу бойынша. Енді Алматы облысы әкімінің қолдауымен биылғы жылы Іле ауданымызда үш мектептің құрылысы жоспарлануда. Ол Өтеген батыр, Байсерке және Жайнақ ауылында 900 орындық үш мектептің құрылысы биылға жоспарлануда.
Жаңа білім беру нысандары пайдалануға берілгеннен кейін Іле ауданындағы үш ауысымды мектептер саны екі есеге қысқарады. Ал келер жылы Қарасай, Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарындағы үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешіледі. Бұл туралы сала басшылары мәлімдеді.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов