Қ. Тоқаев пен М. Пезешкиан Қазақстан-Иран бизнес форумына қатысты
Иранның Solico Group компаниясы елімізде жылына 200 мың тонна өнім шығаратын сүт комбинатын салады. Бұл жайында бүгін Қазақстан-Иран бизнес форумында мәлім болды.
Кәсіпкерлердің басын қосқан жиынға Қасым-Жомарт Тоқаев пен Масуд Пезешкиан да қатысты. Президент ауыл шаруашылығы саласындағы ықпалдастықты дамыту қажеттігіне назар аударды. Бүгінде Иран – Қазақстан астығын сатып алатын негізгі елдің бірі. Былтыр агроөнеркәсіп кешеніндегі тауар айналымы 220 миллион долларға жетті. Ал биылғы он айдың ішінде астық саудасы 280 миллион долларға жуықтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз ауыл шаруашылығына инвестиция салатын кәсіпкерлерді қолдаймыз. Қазіргі таңда бірқатар бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. Иран тарапы балаларға арналған тағам өнімдерін даярлау ісін қолға алмақшы. Бұған қоса, Kourosh Food Industry компаниясы Қазақстан нарығына қызығушылық танытып отырғанын білеміз. Осы компания елімізде өсімдік майын шығаратын және құс шаруашылығын дамытатын кәсіпорындар ашқысы келеді. Тағы да атап өткім келеді: біз ынтымақтастық орнатуға қашанда дайынбыз.
Қазір екі ел арасындағы алыс-берістің қарқыны жоғары. Былтыр сауда-саттық көлемі 340 миллион доллардан асқан. Биыл бұл көрсеткіш бірнеше есе артады деген болжам бар. Президенттер тауар айналымын ең әуелі 1 млрд долларға, екінші кезеңде 2 миллиард долларға дейін жеткізуге келісті. Тегеран қаласында Қазақстанның Сауда үйін ашу жөніндегі бастама да көтерілді. Бұның арқасында отандық өнімдерді Иран нарығына жүйелі түрде жеткізіп тұруға мүмкіндік ашылады.