Қ. Тоқаев ЕАЭО мемлекеттерінің басшыларына үндеу жолдады 

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық етеді. Қасым-Жомарт Тоқаев осыған орай ұйымға мүше мемлекеттердің басшыларына үндеу жолдады. 

«Біз интеграциялық бірлестігімізді дамытудың екінші онжылдығына нық сеніммен қадам бастық. Соңғы жылдардағы жаһандық дүрбелеңдерге қарамастан мемлекеттеріміздің экономикасы оң қарқын алды. Алдағы ортақ міндетіміз – Еуразиялық экономикалық Одақтың әлеуеті мен бәсекеге қабілеттілігін нығайту, интеграциялық тиімділігін күшейту», - деді Мемлекет басшысы. 

Сонымен қатар Үндеуде жасанды интеллектіні дамыту, құрлықтағы жетекші логистикалық хаб құру, өндіріс пен агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру, сауда-саттықты жаңғырту және сыртқы серіктестермен экономикалық ынтымақтастықты одан әрі жандандыруды ұсынды. 

«Бірлескен күш-жігер арқылы ғана көздеген мақсатқа қол жеткізіп, Еуразиялық экономикалық Одаққа мүше мемлекеттердің экономикасын қарқынды дамытып, интеграциялық бірлестігіміздің ортақ әлеуетін нығайта алатынымызға сенімдімін», - деді Президент.