Қ. Тоқаев Мұхаммед Әбделсаламмен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Мұсылман ақсақалдар кеңесінің және шейх Заид атындағы «Адамзат бауырластығы» сыйлығының Бас хатшысы Мұхаммед Әбделсаламмен кездесті.

Мемлекет басшысы Ұйымның Орталық Азиядағы алғашқы өкілдігі елімізде ашылғанын ерекше ілтипатпен қабылдағанын жеткізді. Сондай-ақ шейх Заид атындағы «Адамзат бауырластығы» сыйлығы бірлік пен жауапкершілік құндылықтарын дәріптейтін халықаралық беделді марапаттардың біріне айналғанын атап өтті. Мұхаммед Әбделсалам қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.

Астанада ұйымдастырылатын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің жұмысына белсенді атсалыса беретінін жеткізді. Мұхаммед Әбделсалам биылғы шейх Заид атындағы «Адамзат бауырластығы» сыйлығының Әзербайжан мен Арменияға берілгенін және екі ел арасында бейбіт келісім жасауға Қазақстанның ерекше үлес қосқанын айтты. Кездесу соңында Мемлекет басшысы Кеңестің президенті, Әл-Азһардың бас имамы шейх Ахмед ат-Тайебке ізгі сәлемін жолдады. Сондай-ақ Мұхаммед Әбделсалам конфессияаралық диалогты және гуманитарлық құндылықтарды дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін І дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.