Трамп Бейбітшілік кеңесінің алғашқы жиынында Қ. Тоқаевқа алғыс білдірді

Вашингтонда Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

АҚШ Президентінің мұрындық болуымен өткен халықаралық жиынның басты мақсаты – Газада бейбіт өмір орнату. Осы орайда Дональд Трамп атындағы АҚШ-тың Бейбітшілік институтында 40-қа жуық елдің өкілдері бас қосты. : Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысы өтті.

Дәл осылай Дональд Трамп Бейбітшілік кеңесінің алғашқы жиынында Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдіріп, Қазақстанның керемет әрі бай ел екенін тілге тиек етті. Газаны қайта қалпына келтіріп, гуманитарлық көметің ағынын күшейте түсу үшін Вашингтонға жиналған саясаткерлер қалай бір жағадан бас, бір жеңнен қол болудың амалын ортаға салды. Сол әрекеттердің бірқатарын Ақ үй басшысы былайша баяндады. 

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Қазақстан, Әзербайжан, Біріккен Араб Әмірліктері, Марокко, Бахрейн, Қатар, Сауд Арабиясы, Өзбекстан және Кувейт гуманитарлық көмек аясында 7 миллиард АҚШ долларынан астам қаражат бөлді. Сонымен қатар БҰҰ-ның Гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасы Газа секторын қолдау үшін 2 миллиард доллар жинап жатыр. Бұдан бөлек, Жапония ірі қайырымдылық жиынын өткізуді жоспарлап отыр. Бұл бастамаға Оңтүстік Корея, Филиппин, Сингапур және өзге де елдер қатысады. Осы орайда, АҚШ Бейбітшілік кеңесіне 10 миллиард доллар бөлетінін мәлімдеді. Ал ФИФА Газа секторындағы жобалар үшін 75 миллион доллар жинауға көмектеседі.

Президент Тоқаев Қазақстанның Газаға қаржылық қолдаудан бөлек, инфрақұрылымды дамытып, гуманитарлық көмек ұсынуға дайын екенін жеткізді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан іскерлік және кәсіби беделі жоғары деңгейдегі халықаралық компанияларды тарта отырып, аймақты қайта қалпына келтіру және құрылыс жұмыстарына қатысуға ниетті. Бұл бағдарлама бойынша инфрақұрылым жасақтауға, үйлер мен тұрғын үй кешендерін, мектеп, аурухана және басқа да маңызды әлеуметтік нысандарды салуға болады. Әлемдегі ең ірі бидай өндірушілердің бірі саналатын еліміз Газа мен одан тысқары жерлердегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін гуманитарлық көмек көрсетуге дайын. Қазақстан палестиналық студенттердің университеттерімізде білім алуы үшін бес жыл бойы 500-ден аса оқу грантын бөлуді жоспарлап отыр. Біз халықаралық деңгейде мойындалған электрондық үкімет саласындағы тәжірибемізбен және басқа да цифрлық шешімдермен бөлісе аламыз. Қазақстан Халықаралық тұрақтандыру күштерін қолдауға әзір. Яғни далалық госпиталь құру үшін бір топ медицина маманын, сондай-ақ Азаматтық-әскери үйлестіру орталығына бақылаушылар жіберуге даяр.

Халықаралық тұрақтандыру күштерінің сапына Албания, Индонезия, Морокко, Косово секілді елдер де өз әскерлерін қоспақ. Мысыр мен Иордания жергілікті полицияның біліктілігін арттыруға ат салысады. Ал Норвегия дәл осы Бейбітшілік кеңесінің келесі отырысын ұйымдастыруды өз мойнына алды. 

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Эндрю Фанг