Президент: Михаил Шайдоровтың жеңісі – тарихи жетістік

Мемлекет басшысы XXV Қысқы Олимпиада ойындарының жеңімпазы Михаил Шайдоровты ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев чемпионды Ақордада қабылдап, Италия төріндегі жетістігі үшін ризашылығын білдірді. Президент қолынан Михаилдың әкесі мен жаттықтырушылары да марапат алды. 

Алтынмен апталып, күміскен көмкерілген бас резиденцияның көрікті залдары. Бүгін Ақордаға ерекше қонақ келді. Италия төрінде атой салып, алаштың атын әлемге асқақтатқан Михаил Шайдоров Президент шақыртуымен Ақордаға ат басын бұрды.

 Михаил Шайдоров - Қазақстанның алтын асығы. XXV Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионын құшақ жая қарсы алып, риясыз ризашылығын білдірген Президент осылай деді. Ақорда төрінде толағайға құрмет көрсеткен Қасым-Жомарт Тоқаев чемпионның әкесі мен бапкеріне де ерекше ықыласын жеткізді. Президент халқымыз Михаилды мақтан тұтатындығын айтып, оның жарқын жеңісі еліміз үшін теңдесі жоқ жетістік саналады деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біріншіден, бұл көптен күткен, яғни 32 жылдан кейін қол жеткізген тарихи жүлде. Екіншіден, бұл  мәнерлеп сырғанаудан ел қоржынына түскен алғашқы Олимпиада алтыны. Үшіншіден, күллі әлем елімізде әйгілі спортшы Денис Теннің жолын жалғастыратын дарынды жастардың бар екеніне куә болды. Михаил Шайдоровтың Олимпиадада көрсеткен керемет өнері, сөзсіз тарихи жетістік, нағыз триумф.

Шыны керек, Михаилдың бұл жеңісі оңайлықпен бұйырмады. Азуын айға білеген қарсыластар жарыстың алғашқы бөлігінде-ақ айқын басымдыққа ие екендерін көрсетті. Сондықтан да не бел, не белбеу кетеді деп тәуекелге барған отандасымызды бабы мен бағы қатар шапты. Осындай қазақтың маңдайына біткен алтын ұлды тәрбиелеген чемпионның әкесі әрі алғашқы бапкері Станислав Шайдоровтың еңбегіне Президент бүгін айрықша тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Станислав Александрович мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Әкесі тұңғыш бапкері ретінде Михаилдың мұз айдынындағы алғашқы қадамын жасауға көмектесіп, өмірдің ең қиын сәттерінде әрдайым ұлының жанында болған адам. Мемлекет басшысы ретінде Қазақстан Республикасының көк Туын әлемнің басты спорт аренасында биік желбіреткен осындай ұлды, отаншыл азаматты тәрбиелегеніңіз үшін Сізге шын жүректен алғыс айтамын.

Станислав Шайдоров, М. Шайдоровтың әкесі:

- Президент мен жайлы айтқан кезде, менің бойымды мақтаныш сезімі кернеді. Мемлекет басшымызға осылай арнайы шақыртып, құрмет көрсетіп жатқаны үшін алғысымды айтамын. Нағыз батыр – ол ұлым. Тарихқа еліміздің атын жазып шыққан сол. Сол кездегі эмоциямен әлі жүрмін. Бұлай қатты ешқашан қобалжымаған шығармын.

Михаилды Олимп шыңына жетелегендердің тағы бірі – ол әйгілі спортшы Алексей Урманов. Білікті маман кезінде, 1994 жылы өзі де Олимпиада жеңімпазы атанған. Ал 2018 жылдан бері Михаил Шайдоровты өзінің қол астына алып, жаттықтыра бастаған. 8 жылдық тынымсыз еңбектің нәтижесі міне Олимпиаданың алтыны болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мәнерлеп сырғанау спортындағы білікті маман ретінде ерен жетістіктеріңізді жалғайтын лайықты ізбасар дайындадыңыз. Сол үшін Сізге зор алғыс айтамын. Осынау тамаша табысқа салалық министрлік, федерация, сондай-ақ атақты боксшымыз, жақында есімі Дүниежүзілік бокс даңқы залына жазылған Геннадий Головкин басқаратын Ұлттық Олимпиада комитеті елеулі үлес қосты. Отандастарымыз спорттық бәсекенің қиындықтарын, әсіресе еркін бағдарламадан кейінгі Михаилдың күрделі жағдайын тебіреніспен бақылап отырды. Бірақ ол тәуекелге барып, жер-жаһанның басты байрақты бәсекесіндегі жеңісті жұлып алды.

Алексей Урманов, жаттықтырушы-кеңесші:

- Мен Ақордаға бұрыннан келгім келген. Бүгін міне соның сәті түсіп, бізді Қасым-Жомарт Тоқаев қонаққа шақырды. Өте қуаныштымын. Көрсетілген құрмет үшін Президентке алғысымды білдіремін. Еңбегіміз осылай жоғары деңгеде еленіп жатыр.

Салтанатты шара соңында Мемлекет басшысы Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровты ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.

Михаил Шайдоров, Олимпиада чемпионы:

- Алтын медаль менің ғана емес, ата-анамның, бапкерлерімнің және мен үшін алаңдап, қолдау көрсеткен барша қазақстандықтың жеңісі. Бұл аянбай тер төгіп жұмыс істесең, жақын жандардың махаббаты мен сенімі болса, армандардың орындалатынын көрсетеді. Президент мырза, Сіздің қолдауыңыздың арқасында спортшылар үлкен жетістіктерге, жаңа тарихи рекордтарға қол жеткізіп жүр. Мен Олимпиада алтынымен шектелмеймін. Алдымда ұзақ жол бар. Елімнің сенімін ақтап, жас ұрпаққа үлгі болып, халқымыздың мерейін үстем еткім келеді. Рахмет Сізге!

Сондай-ақ Президент тарихи жеңіске елеулі үлес қосқан Михаилдың  бапкері Алексей Урмановты ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Тағы «Құрмет» орденін мәнерлеп сырғанаудан ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Әсем Қасановаға, мәнерлеп сырғанаудан жаттықтырушы Станислав Шайдоровқа, Қазақстандық конькимен мәнерлеп сырғанау одағының президенті Бауыржан Ералыға табыстады.

Ал кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев барша Олимпиада чемпиондарының аты әлем спортының жылнамасына жазылады, олардың жетістіктері Лозаннадағы Халықаралық Олимпиада комитетінің музейінде тіркелетіндігін айтты. Демек, түрлі елдің туристері Михаил Шайдоровтың 2026 жылғы Олимпиададағы тамаша жеңісі туралы білетін болады. Президент таяуда Милан мен Кортинада өнер көрсететін біздің паралимпиадашыларымызға сәттілік тіледі.

Риат Шони