Жетісу облысының ауыл шаруашылығына 540 млн теңге инвестиция тартылды

Жыл басынан бері Жетісу облысының ауыл шаруашылығы саласына 540 млн теңге инвестиция тартылды. 

Ал былтыр инвесторлар  47 млрд теңгеден астам қаржы құйған. Нәтижесінде өңірде бірнеше жаңа қожалық құрылып,  агрокешендердің базасы жаңартылды. Ет экспортының әлеуетін арттыру үшін бордақылау алаңдары ашылды.

Ақсу ауданындағы жақында ашылған шаруашылықта малшылар 700 бас бұқаны бордақылап жатыр. Малға азық ғалымдармен бірлесе әзірленген рационмен беріледі. Нәтижесінде ірі қара тәулігіне 1 келі 300 грамм  салмақ қосады, дейді серіктестік зоотехнигі Ерлан Данабатыров.

Ерлан Данабатыров, зоотехник:

- Бізде ауа райы өте құбылмалы. Жазы ыстық, қысы суық. Сондықтан мына екі порода ангус пен ақбас біздің климатқа адаптация жасалған. Сондықтан осы породаға қатты көңіл бөліп отырмыз.

Шаруашылықтағылар ірі қара етін отандық сауда орындарына өткізеді. Келешекте олар мал басын 2,5 мыңға жеткізіп, тұтас өндірістік кешен құруды жоспарлап отыр. 

Бақытжан Бимолдинов, серіктестік директоры:

- Мал сою алаңын саламыз. Ол цехымен бірге болады. Ол жерде фарш, стейк өңдеуі болады. Келешекте аудандағы ұсақ шаруашылықтармен жұмыс жасап, аудан экономикасын көтеріп, экспортқа шығуға ниетіміз бар.

Ғазиз Есжанов, Ақсу ауданы әкімінің орынбасары:

- Ақсу ауданы бойынша 25 жылға 11-12 мың тонна ет өндірілді. Биылға 2026 жылы 15 мың тоннаға апарайын деп отырмыз. Бұл жыл сайын бізде 1-2 мың тонна қосылып отырады. 

Былтыр өңірдегі мал бордақылау кешендерінде 19 мыңнан аса ірі қара семіртіліп, 13 мың тоннадан аса ет өндірілген. Одан бөлек 3 мыңнан аса сиыр, жылқы, түйе шетелге экспортталды. Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекет тарапынан қолдаудың бірнеше тетігі қарастырылған, дейді сала жауаптылары.

Данияр Ысқақ, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Ауыл шаруашылығы және агрөнеркәсіптік саласына инвестиция тарту барысында бірнеше қолдау қарастырылған. яғни жеңілдетілген несиелер, бұл жерде 2,5 пайызбен мемлекеттің тарапынан.  Сонымен қатар мемлекет тарапынан өнеркәсіп өндіріс енгізетін болса инфроқұрылымды жеткізіп беруді мемлекет өз мойнына алып отыр. Осы қолдаулардың нәтижесінде былтыр Жетісу облысына 47 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,4 есеге артып отыр. 

Облыстың ауыл шаруашылығына биыл 113 млрд теңге инвестиция тарту көзделген. Сол арқылы құс етін өндіретін, балық өсіретін, құрама жем шығаратын және өзге де агроөнеркәсіптік кешендерді ашу жоспарланып отыр. 

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев