Жаңа Конституция жобасы бойынша референдумда дауыс беру аяқталды

Елде жаңа Конституция жобасы бойынша референдумда дауыс беру аяқталды.

Шетелдегі кейбір өкілдіктерде ғана жұмыс жалғасып жатыр. Жалпы маңызды саяси науқан елде қалай өтті?

Азаматтардың 73,24 пайызы дауыс берді

Күннің көзі сынық сүйем көтерілгеннен басталып, күн ұясына отырғанға дейін жалғасқан белсенділік нәтижесінде: 9 млнннан аса отандасымыз тағдыршешті таңдау жасады. Бұл барлық электораттың − 73 пайыздан астамы.

Өңірлер арасында 93 пайыздық белсенділікпен Сыр өңірі көш бастады. Оның ізін ала 87 пайыз тұрғыны дауыс берген Ақтөбе облысы келеді. Ал үштікті 86 пайызбен Шығыс Қазақстан түйіндеп тұр. Учаскелердегі белсенділік таң алакеуімнен кешқұрымға дейін сақталған. Заң бойынша азаматтардың жартысынан көбі дауыс беруге қатысқан болса, референдум өткізілді деп саналады. Ал бұл меже бүгін небәрі түскі 14:00-де бағынды. 

Мұхтар Ерман, Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары:

- Учаскелік комиссиялар дауыстарды санауға кірісті. Қолданыстағы заңға сәйкес, референдум учаскелерінде дауыстарды санау уақыты 12 сағаттан аспауы тиіс. Аумақтық комиссиялары ОРК электрондық байланыс арқылы есептеудің алдын ала нәтижелері туралы мәліметтерді ұсынады.

Референдум барысын жіктеп көрейік. Жексенбідегі жауапты күннің шымылдығын Жапониядағы отандасымыз түрді. Уақыт айырмашылығы бойынша алғашқы болып бюллетеньді алған, оны жәшікке салған Ернар Сәрсенбаев. Оның ізін ала Оңтүстік Кореядағы мектеп оқушысы Абылай Құрмышев дауыс берді.

Абылай Құрмышев, дауыс беруші:

- Кореяда мен 12 сыныпта оқимын. Бүгін алғаш рет өмірімде референдумға дауыс беруге келіп тұрмын. Шетелде жүрсем де осындай маңызды шешім қабылдауға, дауыс беруге келіп тұрмын.  

Ел ішіндегі науқан да ерекше сәттермен есте қалды. Референдум мерекелік көңіл күйде өтті. Жасы да... жасамысы да осында. 116 жастағы көнекез қария Түймегүл Темірбаева тағдыршешті сәтте таңдауын жасады. Электораттың бірі пингвин костюмінде келсе, енді бірі ертегі кейіпкерлерін сомдады. «Морждар» мұздай судан шыға сала учаскеге асықты, «Леон», «Матильда, «Роботтар" әлеуметтік желінің жұлдызына айналды. Мұндай белсенділікке халықаралық сарапшылар таңдай қақты. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген байқаушылар жұртшылықтың науқанмен етене араласуын жақсы үрдіс деп санайды.

Уэсли Александер Хилл, салық және инвестициялар жөніндегі халықаралық орталықтың өкілі /АҚШ/:

«Біздің тәжірибемізге сүйеніп және осы референдумды алдыңғы дауыс берулермен салыстырсақ, демографиялық өзгерістерге байланысты алғаш рет дауыс берген адамдар саны көбірек болды. Яғни көптеген адамдар алғаш рет тек 18 жасқа толғандықтан ғана емес, сонымен қатар нақты дауыс беруге мүмкіндік алғандықтан да дауыс берді. Қазіргі уақыттағы негізгі статистикалық көрсеткіштер осы.

Бұл сөздің жарқын үлгісін жетісулық әулет көрсетті. 100 адамнан тұратын Тасыбаевтар жанұясымен келіп дауыс берді.

Күлбағира Тасыбаева, Жаңаталап ауылының тұрғыны:

- Ел жұртқа жақсылық тілеймін. Мәртебелері биік болсын. Алла Тағала жақсылығын берсін. Заман тыныш болсын. 

Отандастарымыз отбасыдағы қуанышты сәттерін референдуммен байланыстырады. Маңғыстауда тоғызыншы сәбиін дүниеге әкелген ана нәрестенің есімін Атазаң деп қойды. Мамандардың айтуынша, толғағы келіп, күні таяған әйелдер дауыс беруге белсене араласқан.

Жапырақ Епенова, облыстық "Ана мен бала" орталығының директоры:

- 220-ға жуық ана бар. Бүгін бәрі жүз пайыз өз таңдауын жасауда. Бізде көп босанған анамыз Айнұр дені сау, 4 келі 175 салмағы, бойы 57 сантиметр азаматты дүниеге алып келді. Өте қуаныштымыз. 

Малайзияда оқитын қазақстандық төртем де таңдаудан тайсалмады. Зарагүл, Зерегүл, Әлижан мен Әлихан Жайылхандар шекара асса да, дауыс бердуен шет қалмауды таңдады.

Әлижан Жайылхан, дауыс беруші:

- Мен мұнда ағам және екі қарындасыммен бірге келдім. Менің ойымша, қазіргі жастар дауыс берудің маңыздылығын жақсы түсінеді. Сондықтан біз өз таңдауымызға жауапкершілікпен қараймыз. 

Мұндай қызықтың талайына байқаушылар куә болғаны анық. Оны өзідері де жасырмайды. АҚШ-тан келген Ральф Винни алты сайлау учаскесіне барып, мынадай ұйғарымға келіпті.

Ральф Винни, Америка-Еуразия орталығының вице-президенті:

«Дауыс беру учаскелерінен шыққан адамдармен әңгімелесу өте қызықты болды. Олардың не ойлайтынын түсінгім келді. Көпшілігі Қазақстанның болашағы үшін дауыс бергенін айтты. 

Сонымен сағат 20:00-де дауыс беру аяқталып, учаскелер жабылды. Референдум жоғары деңгейде өтті деп айтуға толық негіз бар. Науқанды жіті бақылаған шетелдік сарапшылар мұны растайды. Халықаралық байқаушылар бас бармағын көрсетті. Бұл жай баға емес. Саяси науқанның әділдігі мен ашықтығына берілген сырт көздің пікірі. Елдегі саяси мәдениеттің һәм қоғамдағы жауапкершіліктің айғағы. 

Бекзат Аманов, тілші:

- Тағдыршешті таңдау жасалды. Енді елдің ертеңі қай арнаға бұрылады, даму бағыты мен бағдары қалай қалыптасады — оны уақыт көрсетеді. Бірақ бір нәрсе анық. Шешуші сәтте халық үнсіз қалған жоқ. Азаматтар белсенділік танытып, өз таңдауын жасады. Бұл жұрттың ел тағдырына бейжай қарамайтынын көрсетсе керек.