Мемлекет басшылары Қ. Тоқаевты референдумның сәтті өтуімен құттықтады

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасы бойынша референдумның өтуіне орай шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына құттықтау жеделхаттарын жолдады. 

Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстандағы конституциялық өзгерістер, екі ел арасындағы одақтастық қатынастар мен жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі арттыруға септігін тигізетінін атап өтті. 

«Жалпыхалықтық дауыс беру нәтижесі Сіздің мемлекеттік институттарды нығайту және елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық ілгерілеуін қамтамасыз ету бағытындағы бастамаларыңыз кеңінен қолдау тапқанын толық растады», - деп жазылған жеделхатта.  

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев те ауқымды саяси, әлеуметтік-экономикалық жаңғыру жаңа Қазақстанның тұрақты дамуына ықпал етіп, халықаралық аренадағы абырой-беделін нығайтатынына сенім білдірді. 

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Мемлекет басшысын референдумның табысты өтуімен құттықтап, екіжақты қатынастардың одан әрі қарқынды дами түсетініне сенімді екенін жеткізген. 

Ал Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, саяси жүйені жаңғыртуды және басқару моделін жетілдіруді көздейтін Конституцияның қабылдануын Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы ретінде сипаттаған. Оның пікірінше, бұл еліміздің серпінді дамуына және халықаралық аренадағы рөлінің күшеюіне оң септігін тигізеді.

Беларусь президенті Александр Лукашенко Конституциядағы қағидаттардың іске асуы Қазақстанның гүлденуіне негіз қалайтынын атап өткен. 

Мемлекет басшысына жылы лебізін Сербия президенті, Александр Вучич те жолдады. Ал Армения премьер-министрі Никол Пашинян жеделхатта атап өткендей, жалпы-халықтық дауыс беру қорытындысы Қазақстан азаматтарының ел Тәуелсіздігі мен егемендігін сақтауға, заң үстемдік құратын бақуатты заманға сай қоғам құруға жауапкершілікпен қарайтынын байқатады. 

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевқа құттықтау жеделхаттарын Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының, Түркі мемлекеттері ұйымының, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бас хатшылары да жолдады. Мұндай тілектестікті Экономикалық ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес төрағасы да білдірді. Мемлекет басшысының атына құттықтау жеделхаттары әлі де келіп жатыр.