Қ. Тоқаев Е. Ильинскийге «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын тапсырды
Ақордада әйгілі альпинист Ерванд Ильинскийге «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен әлем альпинизмінде аты аңызға айналған тұлғамен жүздескеніне қуанышты екенін жеткізіп, жетістіктерін жіпке тізді. Ерванд Ильинский - елді жаһанға әйгілеп, бір шоғыр шәкірт тәрбиелеген. Олардың қатарында әлем рекордын жаңартқан, чемпион атанған, халықаралық альпинизм қозғалысының элитасына кірген мықтылар бар. Оның жетекшілігімен Қазақстан құрамасы әлемде бірінші болып биіктігі 8 мың метрден асатын барлық 14 шыңға шықты. Президент тұлғаның асыл қасиеттері мен адамдарға, әсіресе, альпинистерге деген шынайы қамқорлығын жоғары бағалады. Сондай-ақ елімізде альпинизмді насихаттауда орасан жұмыс атқарғанын айтты. Оған қоса Үкімет пен салалық министрліктің алдында альпинизмді спорт және заманауи тау туризмінің бір түрі ретінде жан-жақты дәріптеу міндеті тұрғанын жеткізді. Мемлекет пен демеушілердің қаржысын тарта отырып, нақты іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу қажет деді.