Жетісу облысында 300 шақырым жол жөнделеді
Биыл Жетісу облысында 300 шақырым жол қалпына келтіріледі. Құрылыс жұмыстарының ең ауқымдысы «Алматы-Талдықорған» бағытында қолға алынды.
Қазір халықаралық маңыздағы автомагистральдің бір бөлігі жасалып жатыр.
«Алматы-Талдықорған» бағытындағы күре жолмен тәулігіне 10 мыңға жуық көлік жүреді. 2015 жылы қолданысқа берілген автомагистральдің қазір біраз бөлігі бүлінген.
Нұркен Арыстанбай, жүргізуші:
- Жетісіне 2-3 рет жүреміз. Алматы тасжолы бар. Тесік-тесік, ойылып кеткен. Мұқырыдан ассаң, толқып кеткен жерлер бар.
Қанат Рахымбаев, жүргізуші:
- Халықтың қауіпсіздігі үшін дұрыстап жасап берсе дұрыс болар еді. Көп жерлерде шұңқырлар бар екен.
Жүргізушілер айтқан жол бөлігінде құрылыс жүріп жатыр. Жамбыл-Алғабас ауылдарының арасындағы 21 шақырым күрделі жөндеуден өтеді. Әрі қауіпсіздік элементтерімен толықтыралады. Жалпы бұл бағыттағы жұмыстар екі жылға жалғасады.
Нұрхат Ақылтаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ ОФ директоры:
- «Алматы-Өскемен» жолының Алматы облысы мен Жетісу облысы шекарасынан бастап Талдықорған қаласына дейін бізде орташа жөндеу жұмыстары қарастырылған. Ол жақта жолдың толықтай беткі жамылғысы ауыстырылатын болады. Термопласпен жол сызықтары және жол белгілері толықтай ауыстырылып жол қауіпсіздігі қалпына келтірілетін болады.
Биыл республикалық көлік дәліздерімен қатар облыстық маңыздағы жолдардың 116 шақырымы жөнделеді. Биыл Талдықорған мен Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласына дейінгі 40 шақырымдық жол биыл орташа жөндеуден өткізіледі. Бұл мақсатқа 6 млрд теңгеден аста қаражат қарастырылып отыр Құрылыс жұмыстары алдағы күндері басталып жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.
Биыл елдімекендердегі жолды да біршама қалыпқа келтіру көзделген. Осы мақсатта сала қызметкерлері жобалық сметалық құжаттар әзірледі. Енді мердігер мекемені анықтайды.
Айдос Досжанов, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
- Облысымыздың 38 елді мекен ішінде 98 шақырымды құрайтын орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Аталған жөндеу жұмыстары басқарма тарапынан, аудан әкімдігі тарапынан және жол сапасын бақылайтын ұйымдармен тікелей бақыланатын болады.
Жәнібек Бекежан, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ОФ зертхана меңгерушісі:
- Жұмыс жасалынғанға дейінгі және жасалынғаннан кейінгі тексерісіміз бар. Жасалынғанға дейінгі тексерісте төселейін деп жатқан қандай жабындылар, асфальт қосындылары тастардың құрамын тексеріп, соның нәтижесінде біз рұқсатымызды береміз. Ал салынып болғаннан кейін жұмыстың технологиясы сақталды ма, сақталмады ма соған байланысты тағы тексеретін боламыз. Тексеру арқылы нақты қорытынды беретін боламыз.
Мамандардың мәліметінше, Жетісу облысындағы жолдардың жақсы және қанағаттанарлық деңгейі 95 пайыз. 2029 жылға дейін бұл көрсеткішті 99 пайызға жеткізу жоспарланған.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Жеңіс Әбдрешов