Жетісу облысында балық шаруашылығы өркендеп келеді

Жетісу облысында балықты өзен-көлдерден аулайтындар емес, шағын бассейн мен жасанды тоғандарда өсіретіндер көбейді. Бес жыл бұрын 18 аквашаруашылық болса, бүгінде олардың саны 25-ке жетті, деп хабарлайды 24KZ.

«Саланың дамуына мемлекеттің қолдауы оң ықпал етті», – дейді кәсіпкерлер. Жеңілдетілген несие алған шаруалар өндірісті кеңейтіп, балық қорын көбейтіп жатыр.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

– Шаруашылықтағылар балық жемін шығара бастады. Сынақтан сәтті өткен өнімді көбейтіп, енді келесі жылдың басында арнайы өндіріс орнын ашпақ. Сол арқылы саладағылар ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр.

Мұрат Сейітхановтың бұл салада еңбек еткеніне жиырма жылға жуықтады. Жоғары білімді ихтиолог балық өсірумен шектелмей, тұтас өндірісті жолға қоймақ. Сол үшін ол мемлекет көмегіне жүгінді.

Мұрат Сейітханов, ихтиолог:

– «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы ауыл шаруашылығы басқармасы бізді қолдап, 34 млн теңге қаржы бөліп отыр. Кішігірім жем шығаратын зауыттың жұмысын бастаймыз. Келесі жылы Жетісу облысында өндірілген алғашқы жемді сатылымға шығарамыз.

Әкелі-балалы Сейітхановтар биыл уылдырықтан 550 мыңнан астам хан балығын шығарды. Соның басым бөлігін өңірдегі шаруашылықтарға жөнелтсе, қалғанын тоғандарда өсіріп отыр.

Еламан Мұратұлы, шаруашылық жетекшісі:

– Бес тонна балығымыз бар. Барлығын есептегенде, келесі жылы, Алла қаласа, өнім көлемін бес тоннадан 25 тоннаға жеткіземіз деген ойдамыз.

Облыста 25 балық шаруашылығы жұмыс істейді. Олар үшін мемлекет тарапынан арнайы қолдау тетіктері қарастырылған.

Талғат Сұрабалдинов, облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

– «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында несиелендіру және субсидиялау қарастырылған. Атап айтқанда, жемшөп пен дәрі-дәрмек сатып алуға субсидия бөлінеді. Жергілікті бюджеттен тауарлы балық шаруашылығын субсидиялауға 40 млн теңге қарастырылды. Бір өтінім түсті. Өтінім толық қаралып, оның аясында бір шаруашылыққа 39 млн теңге төленді.

Мемлекет көмегімен ісін өркендеткен шаруашылықтағылар ағын сулардағы балық қорын молайтуға үлес қосып отыр. Көктемде олар Қаратал мен Көксу өзеніне 20 мың шабақ жіберді. Жалпы, биыл Алакөл мен Балқаштың Жетісу облысындағы бөлігінен 11 тонна су маржаны сүзіліп, 1 млн 380 мыңнан астам балықпен толықтырылды.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Сондай-ақ оқыңыз: