Үкімет Конституцияны түсіндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті

Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Құжат Ата заңдағы өзгерістерді түсіндіруге және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Жоспар үш бағыт бойынша 36 іс-шараны қамтиды.

Ұйымдастыру шаралары, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және Конституцияның орындалуын құқықтық қамтамасыз ету тетіктері қарастырылған. Атап айтқанда, Конституция мәтінін басып шығару және мүгедектігі бар азаматтарға арналған бейімделген нұсқалар әзірлеу көзделген. Конституция электронды платформаларда орналастырылады. Бұдан бөлек, мектептер мен жоғары оқу орындарының бағдарламалары жаңартылып, «Құқық негіздері» және «Заң мен тәртіп» курстары енгізіледі. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында бірқатар іс-шаралар мен кешенді медиа-жоспар әзірленді. Конституция нормаларын түсіндіруге арналған интерактивті сервис те іске қосылады. Жалпы, бұл жоспар Конституция нормаларын халық арасында кеңінен түсіндіруді және Ата заң ережелерінің толыққанды жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді.