Үкімет байланыс сапасын жақсартуға 500 млрд теңге жұмсайды
Үкімет байланыс сапасын жақсартуға 500 млрд теңге құймақ.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Нәтижесінде шалғайдағы ауыл аймақты айтпағанда, көктегі ұшақта да интернет қосылады. Алайда бұл жаңалық тариф бағасының қымбаттауына алып келмей ме?
Хат-хабар алмасу үшін тау-тасты аралайтын, жол жиегін жағалайтын, интернет игілігінен ада ауылдағы ағайынның бұл күндерді ұмытатын кезі де келді. Келер жылы елдегі 6 мыңнан астам елді мекеннің 92%-ы желімен қамтылып, қалғаны спутникке қосылады. Ауылды айтпағанда ғаламтор жерде де, көкте де қолжетімді болады.
Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:
- Алдағы міндет – республикалық жəне облыстық маңызы бар жолдардың 40 мың шақырымын мобильді байланыспен қамту. Жол үстінде де интернет қолжетімді болуы керек + Air Astana бір ұшағын OneWeb спутниктік интернетіне қосты. Келесі жылы тағы 20 ұшақты қосу жоспарлануда.
Үкімет үйінде баяндама жасағандардың бірі бұрын осы саланың тізгінін ұстап, қазір «Қазтелекомды» басқарып жүрген Бағдат Мусин. Ол бұдан былай интернет желісін бүлдіргендерге жазаны күшейту керек дейді. Себебін «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей, мынадай мысалмен түсіндірді. Жетісу облысындағы жер қазу жұмыстары кезінде жеке компанияның салғырттығынан 15 мыңнан астам абонент байланыссыз қалған. Ал соңғы он айда осындай оқиғаның 400-ден астам түрі тіркеліпті. Мусиннің ұтымды ұсынысын Үкімет басшысы қос қолдап қолдады.
Бағдат Мусин, "Қазақтелеком" АҚ Басқарма төрағасы:
- Қазір байланыс желілерін зақымдағандарға салынатын айыппұлдың ең жоғары мөлшері 519 мың теңге. Ал компания шығынға батып қана қоймай, өз желісін пайдаланатын операторлардың алдында да жауап береді. Байланыс – электр жарығы, су мен жылу сияқты халыққа аса қажет қызметтің бірі. Соған қарамастан оның заң жүзіндегі мәртебесі әлі де осы қызметтермен тең дәрежеде бекітілмеген. Сондықтан байланыс қызметін негізгі инфрақұрылымдық қызмет ретінде заңда кезең-кезеңімен бекітуді және байланыс елілерін бүлдіргендерге жауапкершілікті күшейтуді ұсынамыз.
Байланыс мәселесі талқыланған отырыста Kcell мен Beeline компанияларының басшылары да бой көрсетті. Тариф бағасы қаншаға қымбаттайды деген журналистердің сауалына жауап берді. Beeline орта есеппен 10%-ға десе, Kcell 10-12%-ға көтеруді жоспарлап отырғаны белгілі болды. Мұны «Мобайл Телеком-Сервис» компаниясының басқарма төрағасы да растады.
Александр Бабичев, "Мобайл Телеком-сервис" ЖШС Басқарма төрағасы:
- Елде байланыс сапасы артқан сайын интернетті тұтыну көлемі де өсіп келеді. Соңғы жылдары бір абоненттің мобильді интернетті тұтыну көлемі 4 есе артқан. Операторлар сұранысты қанағаттандыру үшін желіні дамытуға қомақты қаражат салуға мәжбүр. Ал мобильді байланыс тарифтерінің өсу қарқыны инфляция деңгейінен төмен.
Елде интернет сапасына қатысты мәселе кейде бәсең, кейде анық айтылады. Бастысы, құбылғалы тұрған тариф бағасы сапасына сай болса болғаны.
Авторы Шерхан Абзалұлы