Мемлекет басшысы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевты қабылдады
Кездесуде өңірдің дамуы мен алдағы жоспарлар талқыланды. Аймақ жетекшісінің айтуынша, былтыр барлық негізгі көрсеткіштерке қол жеткізілді. Облысқа 610 млрд теңге инвестиция тартылған.
Ауыл шаруашылығы бағытында қант қызылшасы алқабы ұлғайтылды. Енді Ақсу және Көксу қант зауыттарының қуатын екі есе арттырып, 950 мың тоннаға дейін жеткізу көзделген. Ал 2027 жылға дейін құны 94,4 млрд теңге болатын 23 жобаны іске асыру жоспарланған.
Бейбіт Исабаев соңғы 3 жылда өнеркәсіпте 29 нысан ашылып, 7 кәсіпорын кеңейтілгенін мәлімдеді. Нәтижесінде 1800-ден астам жұмыс орны құрылды. Қазір аймақта газдандыру деңгейі 67%-ға жетті. «Талдықорған – Үшарал» газ құбыры арқылы 210 елді мекен көгілдір отынға қосылды. Ал туризмді дамыту үшін Алакөл мен Балқаш жағалауларында инфрақұрылым жақсартылып жатыр. Сонымен қатар Бұрқанбұлақ сарқырамасына апаратын жол жөнделуде.
Кездесу соңында Президент шекарадағы «Достық» бекеті мен «Қорғас» аймағының жұмысын күшейтіп, туризмді, әсіресе көл және тау туризмін дамыту жөнінде тапсырма берді.
Бейбіт Исабаев, Жетісу облысының әкімі:
- Мемлекет басшысы облыс алдына 2 негізгі міндет жүктеді. Біріншісі - біздің облысымыз ҚХР шекаралас жатуына байланысты, «Достық» торабындағы және «Қорғас» торабындағы арнайы экономикалық аймақтардағы жұмысты тиімді басқару. Екінші мәселе - облысымыздың табиғи жағдайы қолайлы жағдайларын сараптай келе облыста туризмді дамыту қарқынын үдетуді тапсырды.