Бүгін – Аналар күні
Бүгін елде Аналар күні тойланып жатыр. Бұл мереке күнтізбеге 2023 жылы енгізілген. Содан бері мамыр айының әр екінші жексенбісінде атап өтіледі.
Айтулы күні барша әйелдер қауымына құрмет көрсетіп, оның мейірімі мен қамқорлығы үшін алғыс айтылады. Иә, бір қолымен бесігін, екінші қолымен әлемді тербетіп отырған жандар қандай да мақтауға лайық. Тіпті үйдің де, түздің де тірлігін қатар дөңгелетіп, ел экономикасын өрістетуге ерлермен қатар үлес қосып жүрген аналар да бар.
Жеті баланың анасы Жаңагүл Айдаубайқызы болашақта кәсібін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр. Жаңагүлдің екі жоғары білімі бар. Ол – заңгер және бастауыш сынып мұғалімі. Ісмерлік қасиет анасынан дарыпты. Бала күтімімен үйде отырған кезде бастаған шағын кәсібі бүгінде тұрақты табыс әкеле бастады. Себебі қазақтың бірде-бір салтанатты жиыны ұлттық киімсіз өтпейді.
Жаңагүл Айдаубайқызы, көпбалалы ана:
- Мен негізі көпбалалы анамын. Жеті балапанның, жеті қыздың анасымын. Олардың күнделікті киетін желеткесі, шашбауы керек болғандықтан осы іспен айналысып кеттім. Тапсырыс өте көп деп айтуға болады. Тек қана тігін емес, күнделікті тағатын әшекей бұйымдарды жасап және де балаларға жұмсақ ойыншықтарды да тігемін.
Иә, Жаңагүл секілді үйдің де, түздің де тірлігін дөңгелетіп отырған нәзік жандар елімізде аз емес.
Статистикаға сүйенсек, бүгінде шағын және орта бизнестегі әйелдердің үлесі 48 пайыздан асқан. Әсіресе сауда, сұлулық, қоғамдық тамақтану, сондай-ақ білім беру салаларындағы кәсіп түрінің бірсыпырасын қыз-келіншектер тізгіндеген. Мәжіліс депутаты Наталья Дементьеваның айтуынша, мемлекет әйелдер қауымының мәртебесін арттырып, құқығын қорғауға лайықты көңіл бөлуде.
Наталья Дементьева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жалпы ҚР Констиуциясында неке, отбасы, ана, бала, әке мемлекеттің қорғауында болады деп нақты көрсетілген. Бұл ананы ардақтау тек адамгершілік парыз ғана емес. Мемлекеттің Конституциялық міндеті екенін білдіреді. Жалпы соңғы жылдары заңнамалық деңгейде Ана мен баланы қолдауға бағытталған көптеген маңызды шешімдер қабылданды. Мысалы, жүктілік және босануға байланысты төлемдер, бала күтімі бойынша жәрдемақылар, көпбалалы аналарды қолдау шаралары. Мұның барлығы мемлекеттің анаға деген қамқорлығының көрнісі.
Иә, ұлтымыз үшін де аналардың рөлі ерекше. Ең қастерлі құндылықтарымыз «Жер-Ана», «Отан-Ана» ұғымдарымен тығыз байланысты. Бұның бәрі әйелдердің қазақ қоғамындағы маңызын білдіргендей. Олар отбасына, балаларға қамқорлық жасайды, ұрпақ тәрбиелейді, сондай-ақ ел экономикасын өрістетуге ерлермен қатар атсалысып жүр. Оған бүгінгі кейіпкеріміз дәлел.
Авторлары: Назерке Тоқжан, Қарлығаш Қасиетова