Президент «Орталық Азия – Қытай» форматындағы елдердің ішкі істер және қоғамдық қауіпсіздік министрлерін қабылдады

Ұйымдасқан трансұлттық заңбұзушылық тамыр жайып, киберқылмыс табысы жоғары жаһандық индустрияға айналды.

«Орталық Азия – Қытай» форматындағы елдердің ішкі істер және қоғамдық қауіпсіздік министрлерін қабылдаған Президент осылай деп, өңірдегі тұрақтылық мәселесін көтерді. Кездесуде трансұлттық қылмыс, киберқауіпсіздік пен экстремизмге қарсы күрес талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, цифрлық жүйені қылмыстық топтар өз қызметтерін үйлестіруге, табыстарын жылыстатуға, ешбір мемлекеттің шекарасына қарамайтын шабуыл жасауға жиі қолданады. Әсіресе Орталық Азия аймағына трансұлттық қылмыстық желінің қызығушылығы жоғары. Себебі мұнда маңызды көлік және сауда бағыттары түйіседі.

Осы орайда, Президент: «Түйіткілді күш-жігер біріктіріп, ақпарат алмасу арқылы шешу керек», - деді. Қазақстан саладағы ынтымақтастықты тереңдетуді дәйекті түрде қолдайды. Президент ықпалдастық тетіктерін жүйелі түрде жетілдіріп, киберқауіпсіздікке қарсы іс-қимылға көшу керек екенін жеткізді. Кездесуге қатысушылар бұл кеселмен бірлесе күресуге ниетті екенін растады. Атап айтқанда, өзара байланыстарды жолға қойып, жедел ақпарат алмасуға, кәсіби қарым-қатынастарды дамытуға және құқық қорғау органдарының қызметіне заманауи технологияларды енгізуге келісті.