Қазақстан ТРАСЕКА ұйымына төрағалық етеді

Қазақстан ТРАСЕКА-ға екінші мәрте төрағалық етеді.

Биылғы жоспар - халықаралық Еуропа - Кавказ - Азия көлік дәлізін одан әрі жетілдіру. Күзде ТРАСЕКА дәлізін дамытудың 2027–2036 жылдарға арналған стратегиясы қабылданады. Құжат жобасы 2027 жылы Бішкекте өтетін ТРАСЕКА Үкіметаралық комиссиясының отырысында бекітіледі. Бұдан кейін ұйымның өзін реформалау қажет. Жаңа тұжырымдама Қазақстан төрағалық ететін кезеңге тұспа-тұс келіп тұр. Бұл бекер емес, еліміз цифрландыру бойынша өңірдегі көшбасшы саналады. Маңызды құжатта осы жаһандық цифрландыру, халықаралық логистика тізбектерінің өзгеруі, жаңа технологиялар мен көлік түрлерін енгізу, сондай-ақ транзиттік тасымал көлемінің артуына байланысты дәлізді дамытудың заманауи тәсілдерін айқындау көзделеді. 

Әсет Асаубаев, ТРАСЕКА үкіметаралық комиссиясы тұрақты хатшылығының бас хатшысы //Әзербайжан//:

- Геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты осы орталық дәліздің маңыздылығы күн сайын артуына әкеліп отыр. Бірақ үйреніп қалған жолдан бүкіл жүкті жаңа дәлізге ауыстыру қиынға соғады. Өйткені оның өткізу қабілеті мұндай жүктің мөлшеріне даяр емес. Сондықтан осы стратегиялық құжатта, оған тиісті жоспарда осы стратегиямыз 10 жылға болса, оған қатысты 3 жылға біз өзіміздің жоспарымызды қандай қадамдарды қабылдаймыз, сол туралы жазылған осы өткізу қабілетін арттыру бойынша.

Бірыңғай транзиттік рұқсат туралы келісім

Иә, жүкті уақытылы әрі қауіпсіз жеткізу маңызды. Осы ретте ТРАСЕКА халықаралық дәлізіне мүше елдер "Бірыңғай транзиттік рұқсаты туралы" келісімге қол қойды. Ол авто тасымалды тиімді ете түсуі керек. Аталған келісімге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Украина қол қойды. Биыл ТРАСЕКА дәлізі арқылы 10 млн тонна тасымалдау жоспары бар. Нақты Транскаспий бойымен 5 млн тонна жүк өтеді. Оның 10-12 пайызы Қазақстан бағытына тиесілі.

Әсет Асаубаев, ТРАСЕКА үкіметаралық комиссиясы тұрақты хатшылығының бас хатшысы //Әзербайжан//:

- Бұл 16 жыл платформада осындай келісімдерге қол қойылмаған. Үкіметаралық келісім. Бұл келісімнің маңызы неде? Мысалы қазіргі кезде орталық коридормен жүкті тасымалдау үшін әр елден транзиттік көлікке әр елден транзиттік рұқсат қағазын алу керек. Бұл келісім қол қойылды. Енді ратификациядан өткеннен кейін электронды түрде бір құжат алып, бүкіл елде өтуге болады. Бұл дегеніміз ертең жүк тасымалдаушыларға олардың шығынын азайту деген сөз.

Мультимодальді дәліздің әлеуеті зор

Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы негізгі транзиттік-логистикалық хабтардың бірі. Халықаралық сарапшылар біздің әлеуетімізді жоғары бағалап отыр. Әр елдің инфрақұрылымы бар, енді өткізу қабілетін біріздендіру, цифрлық жүйелерді енгізу арқылы тасымалды жеделдету керек. Бұл ТРАСЕКА ұйымының қазіргі мақсаты. Мамандар "өзге елдердің Қазақстаннан үйренері көп" дейді. Платформаға төрағалық ету біздің еліміз үшін де маңызды. ТРАСЕКА – Еуропа мен Азияны Кавказ арқылы қосатын транспорттық жол. Мультимодальды дәліз. Демек, тасымалдың барлық түрін дамытуға мүмкіндік мол.    

Татьяна Ре-Белле, халықаралық автокөлік одағының департамент директоры //Швейцария//:

- Біз Қытай, Орталық Азия, Еуропа,  Кавказдағы серіктестерімізбен жұмыс істей жүріп, жүкті жіберушілер мен қабылдаушылар осы Каспий теңізіне назар аудара бастағанын байқаймыз. Трасека дәлізі қазір үлкен маңызға ие. Өйткені ол тиімді, санкция, басқа да кедергілерге ілікпеген. Сондықтан бизнес үшін бұл дәзілдің маңызы арта береді. Трасека дәліздерін байланыстыруда Қазақстанның ролі маңызды дер едім.

Ержан Мұқаш, ЕЫҰ Бас хатшысының орынбасары //Иран//: 

- Қазіргі кезде Транскаспий дәлізі ашылып жатыр. Орта коридор біз үшін маңызды. Оңтүстік бағыт бар. Сондықтан, Трасека ұйымымен бір-бірімен ынтымақтасатын нүктелері өте көп. Биылғы жылы Қазақстан осы ұйымға кіретін көлік министрлерінің кезекті жиналысы өту керек. Бұл өте маңызды. 

Мұнай-газ саласын цифрландыру қажет

Цифрландыру демекші, Қазақстан мұнай-газ саласын да заман талабына бейімдемек. Әзірге компаниялар датчик орнатып, процесті автоматтандыру жұмыстарын ғана бастап жатыр. Қалғаны қолмен жасалады. Қазір өндіру, қайта өңдеу, сату барысы жеке-жеке қаралып жүр. Мамандар "мұның бәрі бір-бірімен байланысты" дейді. Өйткені мұнай өңдеу зауыты тоқтаса, логистика мен қойма да тұралайды. Салық өзгерсе, экономикалық тізбек те өзгереді. Экспортта мәселе туындаған жағдайда, салдарын барлығы сезінеді. Демек, бірыңғай аналитикалық модель түзетін сәт жетті. Бұл тәуекелдердің алдын алып, мұнай өнімдерінің нақты көрсеткішін бағамдауға мүмкіндік береді. Мамандар болжамның шамамен 55–70% деңгейінде болатынын айтады. Расында мұнай-газ саласы салық, баға, экспорт, инвестиция, әлеумет әлеуетіне де әсер етеді. Яғни бұл бағытты да жүйелеу маңызды. 

Иә, 2030 жылға дейін Қазақстан елдегі жалпы транзит көлемін жылына 55 млн тоннаға жеткізбек. Ал теміржол транзиті 67 млн тоннадан асады. Яғни транзиттік және логистикалық мүмкіндіктерді жетілдіре береміз. Бұған мемлекет басшысының өзі жіті назар қойып отыр. Ал инфрақұрылымды дамытып, сандық шешімдерді енгізу оң нәтиже беретінін уақыт көрсетіп жатыр. 

Экономикамыз қуатты, күндеріңіз шуақты болсын.