Биыл 7776 адамды кене шаққан

Көк шығады, көк шыққан соң кене шығады.

Әсіресе шалғынды, нулы жерде абай болған жөн. Тау-таста да жабысып жатады. Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ақпаратына сүйенсек, биыл 7 мың 776 адам дәрігерге жүгінген. Олардың 3 мың 597-сі – 14 жасқа толмаған бала. Дәрігерлер мұндай жағдайда көпке созбай, дереу қаралуға кеңес береді. Себебі кене арқылы тарайтын вирус шаққан сәттен бастап, бірден ағзаға таралады. Қауіпті дерттер қатарында кене энцефалиті бар. Бұдан адамның жүйке жүйесі зақымданып, мүгедектікке, кейде тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Сондай-ақ кене арқылы қайталамалы сүзек, туляремия, конго-қырым қызбасы сынды дерттер де тарайды.