Адам аты-жөнін қанша рет өзгерте алады?
Биыл 9 ай ішінде 14 мыңнан астам қазақстандық өз аты-жөнін өзгертуге өтінім берген. Олар мұндай шешімін түрлі себеппен байланыстырады. Бірі орфографиялық қатені түзетуге тырысса, енді бірі есімін ауыстырғысы келеді.
Сонымен адам есім-сойын қандай жағдайда және қанша рет өзгертуге болады?
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Елде аты-жөнін өзгертуге қатысты өтінім жиі түседі. Кейбірі орфографиялық қатені түзетуді қаласа, кейбірі есім-сойын түгел ауыстыруға ниетті. Бұған заңмен тыйым салынбаған. 16 жасқа толған кез келген азамат тиісті мекемеге өтінім жолдай алады.
Асылбек Данияр, журналист
- Атымды жіңішке әріптермен айтып жіберген ғой Әсілбек деп. Сөйтіп солай жазылып кеткен құжатқа. Шынымды айтсам, Әсілбек деген атпен жүру ыңғайсыз болды. Ата-анама бірнеше рет айтып көрдім атымды Асылбек деп ауыстырайықшы деген секілді. Рұқсат берді. Бірден ХҚКО-ға бардым Туу туралы куәлігіммен. Процесс әрі кетсе, 1-2 аптаға ғана созылды.
Неке және отбасы туралы Кодекске сәйкес, адам аты-жөнін 13 түрлі себеппен өзгертіне болады. Алғашқысы – есім-сойы айтуға қиын және оғаш естілуі. Одан кейінгі 6 тармақ адам тегіндегі түзетулермен байланысты. Сегізінші себеп – орфографиялық қателерді түзету. Одан кейін екі есімді бөлек немесе сызықша арқылы жазу. Оныншысы – құжаттағы есімді күнделікті өмірде қолданылатын есіммен алмастыру. Сонымен қатар бала асырап алу және ата-анасының аты-жөні өзгеруі құжат ауыстыруға негіз болады. Бұған қоса, жынысын хирургиялық жолмен өзгерткендер де өзі таңдаған есімді ала алады.
Аты-жөнін түзету және өзгерту себептері:
1. Есімін айтуға қиын болуы немесе оғаш естілуі;
2. Тегін немесе әкесінің атын ұлттық дәстүрге сәйкестендіру;
3. Неке қию кезінде жұбайының тегін қабылдау;
4. Неке бұзу кезінде тегін қайта өзгерту;
5. Бала күнгі тегін қайтару;
6. Іс жүзінде тәрбиелеген адамның тегін алу;
7. Жұрнақты алып тастау немесе қосу;
8. Орфографиялық қатені түзету;
9. Екі есімді бөлек немесе сызықша арқылы жазу;
10. Күнделікті өмірдегі есімін заңдастыру;
11. Бала асырап алу немесе қорғаншылыққа байланысты өзгерістер;
12. Ата-анасының тегі өзгерген балалардың құжатын ауыстыру;
13. Хирургиялық жолмен жынысын өзгерту.
Алтынгүл Тыныштықова, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы тіркеу қызметі департаментінің бас менеджері
- Тегін, атын және әкесінің атын өзгерту бойынша азаматтар осы Кодекстің (Неке және отбасы туралы) 257-бабына сәйкес, тіркеуші органдарға жүгінеді. Көбіне азаматтар ата-аналарының ұлттары әртүрлі болуына байланысты белгілі бір ұлттың есімін алғысы келгенде, сондай-ақ құжаттарда көрсетілген есімнен бөлек өмірде қалыптасқан есімді иеленгісі келгенде және өзге де негіздер ретінде өтініш береді.
Кез келген адам аты-жөнін неше рет өзгертсе де, өз еркі. Заңмен шектеу қойылмаған. Тек төлқұжатпен бірге өзге де құжаттарды ауыстыруға тура келеді. Яғни көк паспорттан бастап, көлік жүргізу куәлігі мен банк карталарына дейін жаңартуға дайын болыңыз.
Алтынгүл Тыныштықова, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы тіркеу қызметі департаментінің бас менеджері:
- Мемлекеттік корпорация жалпы тұрғыда статистика жүргізбейді. Дегенмен 2025 жылы тіркеуші органдар тегін, атын, әкесінің атын өзгерту бойынша туу, неке қию, неке бұзу туралы акт жазбаларына аты-жөнін өзгертуге байланысты 18 763 өтінімді қарады. Ал 2026 жылдың алғашқы 9 айында бұл көрсеткіш 14 162 болды.
Аты-жөнді өзгерту заң жүзінде жаңа адамға айналғаныңызды білдірмейді. Өйткені жеке сәйкестендіру нөмірі ешқашан өзгермейді. Мемлекеттік деректер базасында бұрынғы мәліметтер сақталып тұрады.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Асхат Қарағойшиев, Қанат Махмұтов