Президент Мәжіліс Төрағасын қабылдады
Мемлекет басшысы Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады.
Кездесуде Палатаның конституциялық реформаларды заңнамалық тұрғыдан іске асыру бағытындағы жұмыстары баяндалды. Төменгі палата спикерінің сөзінше, Парламент жаңа Конституция нормаларын жүзеге асыру үшін жеті конституциялық заң қабылдады. Олардың қатарында «Президент», «Қазақстан Халқы Ассамблеясы», «Астананың мәртебесі» және «Алатау шаһарының арнаулы құқықтық режимі туралы» заңдар бар. Мәжіліс сессиясы басталғалы бері 89 заң қабылданып, Сенатқа жолданған. Олар құрылыс, цифрландыру, жасанды интеллект, банк саласы, құқықбұзушылықтың алдын алу, мемлекеттік қызмет, ғылым және педагог мәртебесіне қатысты бағыттарды қамтиды. Қазір депутаттардың қарауында 80 заң жобасы бар. Оның ішінде рақымшылық жариялау, жол қауіпсіздігі, жергілікті өзін-өзі басқару сынды мәселелер қамтылған. Сондай-ақ Төменгі палата қоғаммен және сарапшылармен ашық жұмыс істеуге басымдық беріп келеді. Кездесуде парламенттік дипломатия және халықаралық парламентаралық ұйымдармен ынтымақтастық мәселелері де сөз болды.