Мемлекет басшысы Астана қаласының әкімін қабылдады

Қала әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік нысандардың құрылысы, тұрғын үй алаптарын көркейту жөнінде айтты.

Соңғы жылдары Астанада 44 мектеп салынған. Ал жаңа оқу жылында 12 білім ошағы ашылады. Сонымен қатар 2 оқушылар сарайын және 6 балабақшаны ел игілігіне беру жоспарланып отыр. 

2028 жылға дейін 2 перинаталды орталық, көп салалы аурухана және диагностикалық кешеннің құрылысы аяқталмақ. 

Қасым-Жомарт Тоқаевқа қаланың инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымы, Smart City жобасының іске асырылуы туралы баяндалды. 

2026 жылы 173 аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру, 1,1 миллион түп жасыл желек егу көзделген. 

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің қызметін оң бағалап, елорданы одан әрі дамытуға қатысты бірқатар тапсырма берді.