Қазақстан Цифрлық Жібек жолын құрады

Қазақстан ежелгі Жібек жолының астымен кабель жүргізеді. Кабель жерасты ғана емес, алып Каспийдің де астымен өтеді. Бұл Азия мен Еуропаны жалғайтын Цифрлық Жібек жолы болмақ. 

Және бұл жоба көпке созылмайды. Биыл аяқталады. Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі 380 шақырымға созылады.

Қазіргі уақытта әр бауы 200 тонналық кабель тиеген  арнаулы көліктер Ақтауға, Каспийге беттеп барады.

Азия мен Еуропа арасында сапалы цифрлық байланыс орнайды. Қазір Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісінің құрылысы қарқынды. Қазақстан жолдарымен суасты кабельдері жеткізіліп жатыр. Кабель тиелген әр баудың салмағы 200 тоннаға барады. Сондықтан оны тасымалдау да оңай емес. Шайқалтпай, қысым түсірмей жеткзу міндет.

Бағдат Мусин, «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы:

- Менің артымда құнды жүк тұр. Оның біз үшін ғана емес, өңір үшін маңызы зор. Осындағы 380 шақырымға жететін кабельдің арқасында  Еуропа мен Азияны байланыстыратын жаңа цифрлық дәліз жасақталады. Біз бұл кабельдерді Қытайдан алдырдық. Ол дайын болғасын Алматыға жеткізілді. Енді Каспий жағалауына дейін жеткізіледі. Бұл Каспий түбіне енгізілетін алғашқы ірі талшықты-оптикалық кабель болмақ. Ол құрлықпен жеткізілуімен де ерекше.

Олжас Аязбеков, «Қазақтелеком» АҚ Технологиялық дамыту департаментінің директоры:

- Бұл желі біздің мемлекет үшін интернетке қосылу, сосын сыртқы желілерге қосылу альтернативті желісі болады. Қазіргі таңда біздің мемлекет тек қана Ресей арқылы интернетке қосылып тұр. Бүгінгі таңда жоба өзінің қарқынымен жүріп жатыр. Белгіленген кесте бар, сол кесте бойынша жүріп жатырмыз. Біз екі ай бұрын теңіз түбінен салынатын кабельді дайындап, шығарып, ол кабель Қазақстан мен Қытай арасындағы шекараға жетіп, бүгінде Қазақстан территориясы бойынша Құрық портына жеткізіліп жатыр.

Су асты байланыс желісі 380 км қамтиды

Су асты байланыс желісі Ақтау мен Әзербайжанның Сумгаит қаласын жалғайды. Жалпы ұзындығы 380 шақырым. Сәтін салса өткізу қабілеті секундына 400 терабитт болмақ. Яғни аса көлемді деректерді жоғары жылдамдықпен жеткізуге мүмкіндік туады. Осы Транскаспий жобасының арқасында келесі жылы Еуропа мен Азия арасындағы интернет-трафик транзитінде Қазақстанның үлесі 5 пайызға жетеді. Әзірге ол 1 жарым пайыз шамасында. Расында, бұл еліміз үшін стратегиялық маңызға ие бастама. Жобаны Қазақстан мен Әзербайжанның бірлескен компаниясы іске асырып жатыр. Каспий түбіндегі интернет арқылы Әзербайжанға жаһандық трафик транзитін қамтамасыз етеміз. Әрі қарай Грузия, Қара теңіз, Болгария арқылы Еуропаға жол ашылады. Осы теңіз түбіндегі бағыт айқын, енді жағалаудағы инфрақұрылымды дамытуға көңіл бөлінеді. Жоба жыл аяғына қарай аяқталады.

Екібастұзда ірі цифрлық хаб салынады

Екібастұз қаласында Орталық Азиядағы ең ірі цифрлық хаб бой көтереді. Іргетасы таяуда құйылады. Осы жобаның сәтті жүзеге асуына Транскаспий интернет желісінің де ықпалы зор. Ол негізгі цифрлық бағыттардың бірі болмақ. Мамандар бұл нысанды Қазақстанның «Силикон алқабына» айналады дейді. Жоба бірнеше кезеңнен тұрады. Алғашқысы 2027 жылғы жазға дейін іске қосылады. Ал құрылыс 2033 жылға қарай толық аяқталуға тиіс. Үкімет жоспарына сүйенсек, Орталық Азиядағы ең ірі цифрлық хаб Microsoft және OpenAI сияқты технология алпауыттарымен бірлесіп, жасанды интеллект моделдерін дамытуға мүмкіндік береді.

Data Center Valley жобасы:

Алғашқы кезең:

2027 жылдың І жартысы

Қуаты 125 МВт болатын алғашқы деректерді өңдеу орталығы салынады

Келесі кезеңдер:

2029–2033 жылдар

Жалпы қуаты 1 ГВт болатын онға жуық орталық салынады

Олжас Аязбеков, «Қазақтелеком» АҚ Технологиялық дамыту департаментінің директоры:

- Екібастұзда екі жағдай бар. Біріншіден, ол жақта екі ГРЭС салынған. Ол жақта электр қуатыны профициті бар. Басқамен салыстырғанда «себестоимость» төменірек.

Дата центрлар салынатын орын ретінде Екібастұз қаласы бекер таңдалған жоқ. Каспий теңізі арқылы салынатын желі осы жобаны жемісті жүзеге асыруға сеп болу керек. Ірі технологиялық алпауыттар үшін Еуропаға бағыт қысқарады. Электр қуаты да қолжетімді. Ал ЖИ электр қуатын көп қажет ететін инфрақұрылымды пайдаланатынын ұмытпау керек.