Адамға бірінші болып көмекке келетін жандар мемлекет қамқорлығын сезінуі керек – Тоқаев

Астанадағы медицина университетіне енді Ұлттық университет мәртебесі берілуі мүмкін.

Бүгін медицина қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтаған Президент бұл бастаманы қолдайтынын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев беделді жоғары оқу орнына көрнекті ғалым Төрегелді Шармановтың есімін беруді ұсынды. Бұдан бөлек Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласының бүгінгі жай-күйіне тоқталып, Үкіметке бірқатар міндеттер жүктеді. Еңбегі еленген абзал жандарға марапат та табыстады.

Ақорданың салтанат залында бүгінгі жиынның атмосферасы ерекше. Әдетте мемлекет басқаруына қатысты маңызды шешімдер қабылданатын резиденция бұл жолы адам өмірі үшін күресіп жүрген мамандарды қарсы алды. Ұлт саулығы ел үшін ең басты құндылық. Сондықтан да медицина саласын дамыту мемлекеттік стратегиялық міндеті. Ақ халатты абзал жандарды кәсіи мерекесімен құттықтаған Президент Гиппократ антына берік болған мамандар еліміздің басты байлығы – азаматтарымыздың денсаулығын нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқанын атады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Былтыр еліміз бойынша азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындады. Кейінгі жеті жылда еліміз бойынша 1300-ге жуық денсаулық сақтау нысаны салынды. Медициналық сақтандыру саласы да заман талабына сай жаңғыртылды.

Соңғы кездері дәрігерлердің қауіпсіздігі мәселесі қоғамды кең талқыланған мәселе болды. Қызметін адал атқарып, мұқтаж жанға қол ұшын созуға келген медицина қызметкерлеріне қоқан-лоққы көрсетіп, көк ала қойдай етіп сабаған қаскөйлер де аз болмады. Енді биылдан бастап дәрігерге күш көрсеткен бұзақылар қылмыстық жауапқа тартылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Дәрігерлердің қауіпсіздігін қатаң қадағалау жұмысы айрықша назарда болуға тиіс. Осы мәселеге былтыр кәсіби мереке қарсаңында өткен жиында арнайы тоқталдым. Сол себепті мен осы жылдың басында медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы Заңға қол қойдым. Бұл шешім қоғамымызда берік орнығып жатқан Заң мен тәртіп қағидатына толық сай келеді.

Ақ халатты жандарды мемлекет құқықтық тұрғыдан қорғаумен қатар олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға да басымдық беріп отыр. Мәселен, соңғы 3 жылда дәрігерлерге көрсетілетін қолдау көлемі 7 есе артқан. Ал биыл медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеруге бюджеттен 33 миллиард теңге бөлінді. Шалғай ауылдарға барған дәрігерлерге бір реттік көтерме төлемдер беріліп жатыр. Былтыр бұндай көмекті 530 маман алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Адамдарға көмектесуге бірінші болып келетін жандар мемлекет қамқорлығын сезінуі керек. Олар үшін лайықты жалақы, толық әлеуметтік пакет және жергілікті жерде жұмыс істеуге ынталандыратын тетіктер болуға тиіс.

Айта кету керек, бүгінде денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам маман қызмет етеді. Әрине, халыққа сапалы көмек көрсету үшін тиісті инфрақұрылым да қажет. Соңғы 3 жылда 655 бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысаны салынды. Биыл 32 аудандық аурухана жаңғыртылды. Ілкімді істер атқарылғанымен Президент алда әлі ауқымды жұмыс барын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елімізде пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен 14 мыңнан аса нысан әлі де қызмет көрсетіп тұр. Сондықтан Үкімет бүкіл денсаулық сақтау инфрақұрылымына ауқымды реновация жүргізіп, олардың материалдық-техникалық базасын жаңғыртуы қажет. 

Бірақ жаңа ғимарат пен заманауи құрал-жабдықтың өзі барлық мәселені шеше алмайды. Саланың негізгі түйткілі – кадр тапшылығы. Бұның зардабын ең алдымен ауылдық жерлер тартып отыр.Сондықтан Президент бастапқы медициналық-санитарлық көмек қызметкерлерін қолдаудың жаңа бағдарламасын әзірлеу бастамасын көтерді. Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев тағы бір маңызды жаңалықты жария етті. Нақтырақ айтқанда, Үкіметтің Астана медицина университетіне ең жоғары - Ұлттық университет мәртебесін беру ұсынысын қолдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сонымен қатар астаналық университетке көрнекті ғалым, отандық тағамтану ғылымы мен профилактикалық медицинаның негізін салушы, Қазақстанның Еңбек Ері Төрегелді Шармановтың есімін беру орынды болар еді. Мұның символдық мәні де зор. Қарағанды медициналық университетіне осы оқу орнының негізін қалаған әрі оны ұзақ жылдар бойы басқарған Петр Моисеевич Поспеловтің атын беру туралы Үкімет пен медициналық қоғамдастықтың бастамасын қолдаймын. Белгілі Қарағанды медицина мектебінің бастауында тұрған әйгілі тұлғаның 125 жылдығы қарсаңында мұндай шешімнің қабылдануы – тарихи әділеттілік.

Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын дейді. Президент бүгін осындай игі іс жасаған қарағандылық ақ халатты абзал жандардың ерлігіне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Менің атыма күніне жүздеген хат келіп түседі. Бүгін Қарағанды облысының тұрғыны жуырда ғана жолдаған бір хатқа тоқталып өткім келеді. Онда оқыс жағдайға тап болған төрт жасар баланы облыстық аурухана дәрігерлерінің аман алып қалғаны жөнінде жазылған. Бүлдіршіннің жақын туыстары медицина мамандарының өз ісіне адалдығын ерекше атап өткен. Аурухана қызметкерлеріне, сондай-ақ денсаулық сақтау саласының басшыларына ризашылығын білдірген.   Кішкентай баланың өмірін сақтап қалған білікті маман қазір ортамызда отыр.  

Кәсіби шеберліктің озық үлгісін көрсетіп жүрген адамдардың қажырлы еңбегі лайықты бағалануға тиіс деген Президент салтанатты жиын барысында сол бүлдіршінді аман алып қалуға атсалысқан абзал жан Арғын Бидайбаевтың кеудесіне «Құрмет» орденін тақты. 

Арғын Бидайбаев, Теміртау қалалық көп салалы ауруханасының директоры:

- Әрине осындай мақтауды естіген сәтте ерекше толқисың. Бұл марапат мен үшін үлкен құрмет әрі зор жауапкершілік. Әсіресе оны Мемлекет басшысының қолынан алу ұмытылмас сәт. Төрт жастағы баланың оқиғасын еске алар болсам, ол бүлдіршін биіктіктен құлаған. Оның өмірін сақтап қалу үшін хирург, нейрохирург, травматолог, анестезиолог және реаниматологтан құралған көпсалалы мамандар тобы жұмылдырылды. Ота өте күрделі болды. Дәрігерлер барлық қажетті ем-дом мен қарқынды терапияны толық жүргізді. Ең бастысы - бүгінде бала өздігінен жүріп-тұрады, сөйлейді және оңалту шараларынан өтіп жатыр. Мұндай нәтижені көру - дәрігер үшін ең үлкен қуаныш.

Салтанатты жиын барысында Президент Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының басшысы Болатбек Баймахановты II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.

Айта кету керек, былтыр бұл орталық базасында ел тарихында алғаш рет бір мезетте үш науқасқа үш донордың бүйрегі тоғыспалы трансплантация тәсілімен салынды. Аса күрделі операция белгілі хирург, профессор Болатбек Баймахановтың жетекшілігімен жүргізілді.

Болатбек Баймаханов, "А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы" АҚ Басқарма төрағасы:

- Бұл жоғары марапат тек қана менің еңбегім емес, жалпы осы еліміздегі хирургия саласының, оның ішінде трансплантология саласында жүрген 3000-ға жуық хирургтың еңбегіне берілген үлкен баға деп есептеймін. Сондықтан енді бұл үлкен бізге міндеттеме артады. Қазіргі таңда соңғы 10 жылдан астам уақытта 3500-ге жуық трансплантация жасалды елімізде. Оның ішінде балалар да бар.

Айта кету керек, соңғы 3 жылда ана өлімі 35 пайызға, ал сәби өлімі 24 пайызға қысқарған. Тәуелсіздік жылдарындағы ең төменгі көрсеткішке жетуге үлес қосқандардың бірі Жапырақ Епенова. Маңғыстау облысындағы перинаталдық орталыққа жетекшілік етеді. Талай қыз-келіншектің баласын аман-есен бауырына басуына үлес қосып, талай шаңырақтың шаттығын еселеген жанға бүгін Президент «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағын табыстады.

Жапырақ Епенова, Маңғыстау облысы "Ана мен бала" перинаталды орталығының директоры:

- Сезім керемет. Себебі өз басым Ақордаға бірінші рет келіп тұрмын. Бұл енді бүкіл Ана мен бала саласында аянбай еңбек етіп жүрген барша медицина қызметкерлерінің еңбегі деп және оларға көрсетілген құрмет, жоғары баға, зор жауапкершілік деп білемін.

Риат Шони, тілші:

- Дәрігер жай ғана мамандық иесі емес. Кейде ол адам өмірі мен өлімінің арасындағы жалғыз қорған болады. Ауырсынған жанға алғаш болып қол ұшын созып, үміті үзілген жүрекке сенім сыйлайды. Аурухана дәлізінде талай түнді ұйқысыз өткізеді. Өз отбасы мен жақындарынан жырақ жүріп, өзгенің жақынын аман алып қалу үшін бар күшін салады. Бүгін мемлекет осы өлшеусіз еңбекті жоғары бағалады. Марапат тек медаль немесе орден емес. Бұл еңбекке деген құрметтің белгісі. Өйткені кейде осындай қарапайым мойындаудың өзі ең ауыр жүкті көтеріп жүрген адамға үлкен демеу болады.

Риат Шони, Марат Диханбаев