Әлеуметтік көмек тағайындау тәртібі өзгереді: қандай жағдайлар ескеріледі?
Қазақстанда отбасылардың әлеуметтік жағдайын бағалау әдістемесі қайта қаралып жатыр. Енді көмек тағайындау кезінде отбасының кірісі, несие міндеттемелері мен мүлкінің жай-күйі ескеріледі, деп хабарлайды 24KZ.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, өзгерістер әлеуметтік көмекті шынымен мұқтаж азаматтарға бағыттауға мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, ипотекалық қарыздарды қоса алғанда, кірістер мен несиелік міндеттемелерді бағалау тәсілдері өзгертілді. Автомобильдер мен ауыл шаруашылығы техникасының бар болуы мен олардың жай-күйі ескерілді. Бұл ретте біз зауыттан шыққанына 20 жылдан асқан ауыл шаруашылығы техникасын есептен толығымен алып тастадық. Жеке кәсіпкерлік және заңды тұлғаның болуы ескерілмейді. Сондай-ақ ұсақ жер телімдері мен жеке қосалқы шаруашылықтың болуын назарға алмаймыз, – деді министр.
Әдістемеде отбасының күнделікті шығындары, несие төлемдері, асыраушысының жалғыз болуы және жалғыз баспанасының болуы да назарға алынады.
Бұдан бөлек, 30 мемлекеттік ақпараттық жүйедегі деректерді тексеру жоспарланып отыр. Жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік көмек алушылардың материалдық жағдайын да тексереді.