Қазақстан Pax Silica альянсына қосылды

Қазақстан АҚШ бастамасымен құрылған Pax Silica альянсына қосылды.

Жаңа серіктестік жасанды интеллект, чип өндірісі және жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты күшейтуді көздейді. Бұл ұйым елімізге озық технологияларға жол ашып, инвестиция тартуға және жаһандық өндіріс тізбегіне тиімді түрде қосылуға мүмкіндік береді. 

Дональд Трамп атындағы АҚШ-тың Бейбітшілік Институтында тағы да қызу қарбалас. Бұл жолы онда жасанды интеллект дәуіріндегі технологиялық қауіпсіздік альянсы атанған Pax Silica ұйымының шаралары өтіп жатыр. Бірлестіктің атауының өзі екі маңызды сөзден тұрады. “Pax” - яғни, “бейбітшілік” - елдер арасындағы тұрақты әрі сенімді ынтымақтастықты білдірсе, “Silica” - яғни, “кремний” – чип өндірісінің негізгі материалын, жасанды интеллектке негізделген жаңа технологиялық дәуірді меңзейді.

Қазір бұл ұйымның құрамында АҚШ, Австралия, Жапония, Оңтүстік Корея, Еуроодақ, Ұлыбритания, Сингапур сынды азуын айға білеген елдер бар. Және олардың қатарына бүгін Қазақстан да қосылып отыр.

Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:

- Бүгін Қазақстан екі маңызды халықаралық бастамаға қосылды. Оның бірі – жасанды интеллект саласында озық елдермен әріптестікті нығайтуға бағытталған. Ал екіншісі – жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға арналған. Оның аясында ұйымға мүше мемлекеттер жартылай өткізгіштер, чиптер, батареялар және стратегиялық маңызды минералдарды өңдеу салаларында бірлесіп жұмыс істейді. Бұл Қазақстанға жаңа өндірістерді дамытуға, ірі халықаралық компанияларды тартуға және экономикаға инвестиция әкелуге мүмкіндік береді.

Осылайша, Pax Silica бастамасы шикізат экспортынан жоғары технологиялық өнім өндіруге бет бұруға мүмкіндік беретін алаңға айналмақ. Бұл еліміздің жаһандық технологиялық тізбектегі орнын күшейте түседі. Альянстың тағы бір маңызды бағыты – адам капиталын дамыту. Осы мақсатта АҚШ Мемлекеттік департаменті қатысушы елдер үшін Стэнфорд университетімен бірге арнайы бағдарлама әзірлегелі отыр. Онда жоғары технологиялар саласындағы мамандар даярланады.

Джэйкоб Хелберг, АҚШ Мемлекеттік хатшысының Экономикалық даму, энергетика және қоршаған орта бойынша орынбасары:

- Президент Трамп атап өткендей, Орталық Азия АҚШ-тың басым бағыттарының біріне айналды. Өйткені бұл өңірдің әлеуеті ұзақ уақыт бойы толық бағаланбай келді. Ал Қазақстан өңірдегі маңызды серіктесіміз. Біз Қазақстанмен стратегиялық минералдар саласында ғана емес, жасанды интеллект бағытында да ортақ көзқарас ұстанамыз. Нәтижесінде америкалық компаниялармен бірлесіп, инновация мен стартаптарды қолдайтын арнайы орталық құрылды. Қазақстандағы жастар мен кәсіпкерлердің жасанды интеллектінің игілігін пайдаланып, әлемдік технологиялық экожүйенің толыққанды қатысушысына айналғанын қалаймыз.

Ұйымның ресми іс-шаралары өтіп жатқан орындағы ең үлкен жазудың өзі “Жасанды интеллект мүмкіндігін тиімді пайдалануға” шақырып тұр. Әрекеттің шұғыл қажеттілігі сезіледі. Рас, ғаламдық көш жылдамдап, бәсекенің қарқыны да үдеп келеді. Ондайда шикізатқа бай, тоғыз жолдың торабындағы Қазақстан да өндіруші һәм өңдеуші ретінде де маңызды ойыншы болуға ұмтыла түспек.

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Эндрю Фанг