Парламент тарихының жаңа кезеңі басталады
Құрылтай құрамына тек үздіктер ғана кіруі керек.
Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент осылай деп, жаңадан құрылатын заң шығарушы органның алдындағы міндетті айқындады. Жаңа депутаттар елді бюрократиядан босатып, заң шығаруды жедел әрі сапалы ете түсу қажет. Тарихты түгендеп, болашақты бағдарлаған отырыс қалай аяқталды?
Үкімет үйінің дәлізі бүгін әдеттегіден қарбалас. Шен таққан шекпенді де, бұқара сенген белсенді де осында. Айналасында ұлт ұйысатын, жұрт жұмылатын тұлғалардың дені келген. Маңызды отырыста тілшілердің қарасы қалың болады. Ал тарихи жиын алдында олардың көз жазу мүмкін емес.
Бұлай болуы заңдылық. Тарихты түгендеп, болашақты бағдарлайтын кез жетті. Президент жиындағы алғысөзін қос палаталы Парламентте атқарылған еңбекке арнады. 30 жыл ішінде депутаттар 3,5 мыңнан астам заң қабылдаған. Олардың ішінде 38 кодекс пен 1400-ден астам халықаралық ратификациялық құжат бар. Сенат заң жобаларын 794 рет Мәжіліске қайтарды. Бұл тыңғылықты талқы болғанын көрсетсе керек.
Қабылданған заң − 3,5 мыңнан астам
Кодекс − 38
Халықаралық ратификациялық құжат − 1 400
Мәжіліске қайтарылды − 794 заң жобасы
Қош, қос палаталы Парламенттің миссиясы аяқталды. Десе де, еселі еңбек ескерусіз қалмайды. Елге мінсіз, халыққа қалтқысыз қызмет қылған азаматтарға Президент ризашылығын білдірді. Әсіресе Парламенттің қазіргі құрамына жоғары бағасын берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл шақырылымды Қазақстанның жаңа тарихындағы ең мықты құрамның бірі деп сеніммен айтамын. Себебі сіздер мемлекетіміздің дамуындағы өте күрделі және шешуші кезеңде жұмыс істедіңіздер. Баршаңыз ел өмірінде болып жатқан ауқымды өзгерістердің бастауында тұрдыңыздар. Тек кейінгі үш жылдың өзінде 300-ден астам өте маңызды заң қабылданды. Олардың қатарында еліміздің алдағы биік белестерінің сенімді арқауы болатын, тарихи мәні зор конституциялық заңдар мен кодекстер бар.
Сегізінші шақырылым депутаттары Үкіметке 2 мыңнан астам сауал жолдады. Сондай-ақ 31 Үкімет сағатын және 9 Парламент тыңдауын өткізді. Ашығын айту керек, олар тарихи кезеңде шетте қалмай, шепке шықты. Нәтижесінде маңызды құжаттар қабылданды.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Енді ілтипаттан іске көшейік. Заман батыл шешімдерді талап етеді. Президент осылай деп, ертең мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңғырту жұмысы ресми түрде басталатынын еске салды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мұны кезекті әкімшілік реформа деп түсінуге болмайды. Бізді бұрын-соңды болмаған өзгерістер күтіп тұр. Осындай сындарлы сәтте жаңа Парламентке жүктелер міндет ауыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Құрылтайдың алдында барлық бюрократиялық рәсім түріндегі кедергілерді жою, заң шығару ісінің жеделдігі мен сапасын арттыру, білікті сарапшылардың және консультанттардың қызметін тиімді ұйымдастыру міндеті тұр. Жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде Құрылтайға ұлттық заңнаманы тез өзгеріп жатқан цифрлық матрица жағдайына шұғыл бейімдеу үшін қарқынды жұмыс істеуге тура келеді.
Бір палаталы Парламентті халық қолдады. Артықшылықтары айтылып, тайға таңба басқандай көрсетілді. Мұны сол заң шығару үдерісінің қазанында қайнап жүрген тұлғалар да растайды.
Максим Рожин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Заң шығару үдерісі жақсы болады. Қазіргіге қарағанда жылдам, қазір екі палата қарайды заңдарды. Енді бір палата қарайды.
Данияр Қасқарауов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Осы күнге дейін Парламент қабырғасында қабылданған әрбір заңды бізге дейін Сенатқа жіберілді. Ал енді заң тез қабылдануына, құрылтайшылар көбеюіне байланысты егжей-тегжейлі сарапталып қаралатын болады.
Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бірінші кезекте уақыттың оптимизациясы.
Мемлекет басшысы Құрылтайға технологиялық прогрестің жетекші факторы болады деген үмітпен қарайды. Осы ретте электронды Парламентті қалыптастыруды тапсырды. Яғни депутаттар заң шығару ісінде дайын сараптама, Үлкен дерекқор арқылы кез келген шешімнің экономикалық салдары мен әлеуметтік тәуекелдерін біле алады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Құрылтай жалпыұлттық деңгейдегі ашық диалог алаңы ретінде қызмет етіп, қоғамды толғандырған өзекті мәселелерге дер кезінде назар аударуы қажет. Бұл азаматтардың дәйекті өтініштері міндетті түрде ескеріліп, нақты нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау арқылы мемлекеттік мекемелерге тиісті тапсырмалар берілуі керек деген сөз.
Құрылтай – жаңа тұрпатты Қазақстанның маңызды символы. Президент бір палаталы Парламентті осылай сипаттап, ішкі құрылымына қатысты ойын білдірді. Заң шығарушы органның комитеттері де мемлекет саясатының басым бағыттарын негізге ала отырып, құрылғаны жөн деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Оның құрамына нағыз отаншыл, бастамашыл әрі мемлекетшіл тұлғалар, яғни тек үздіктер ғана кіруі керек. Себебі халық реформалардың қаншалықты нәтижелі болғанын дәл осы Құрылтайдың қызметіне қарап бағалайды. Депутаттардың бірқатары Құрылтайға өтіп, ел игілігі жолында еңбек ете береді деп ойлаймын. Қазақстан Халық Кеңесінде де өздеріңіз секілді білікті азаматтар болуы керек деп санаймын.
Отырыста Президент «AMANAT» партиясының «ӘДІЛЕТ-ке» қосылу туралы стратегиялық шешімін қолдады. Айтпақшы, сол саяси ұйымның өкілдері де жиында бой көрсетті. Олардың алдағы саяси науқанға қатысты ұстанымдары мынадай.
Рауан Кенжеханұлы, «Әділет» партиясы саяси кеңес бюросының мүшесі:
- Құрылтайдың мейлінше ішінен көп орын алу Әділет Партиясының мақсаты. Біздің мақсатымыз ертең күшіне енетін жаңа Конституцияны іске асырудың саяси тірегі болу. Осыған арналған негізгі принциптеріміз сол бағдарламаға кірді.
Ал Қазақстан Халық Кеңесі ассамблеяға тиесілі болған қызметтік міндетті алады. Осылайша құрылым форматы өзгергенімен, жалпыұлттық бірлігіміздің мәні ішкі саясатымыздың маңызды бағыты ретінде сақталады. Халық Кеңесі тарихымызда алғаш рет конституциялық деңгейде құрылған диалог алаңы болады.
Бекзат Аманов, тілші:
- Сонымен тарихи жиын тәмам. Бүгінгі Парламент палаталарының бірлескен отырысы тұтас бір дәуірді қорытындылап, келесі кезеңге жол ашты. Ертең жаңа Конституция күшіне енеді. Ал тамыз айында Парламент сайлауы өтеді. Құрылтайдың жасақталуы Ата заңның іс жүзіндегі алғашқы көрінісі әрі елдегі саяси жаңғырудың маңызды кезеңі болмақ. Айта кетейік, Құрылтай бес жыл мерзімге сайланатын 145 депутаттан тұрады.