IOAI-2026: Жаһанның жас дарындары Астанада бас қосты

Төрткүл дүниенің киберспортшыларын жиып, Болашақ ойындарын атқарып жатқан Астана өскелең ұрпақтың да маңдайалды өрендеріне жол ашады. Елордада жасанды интеллект бойынша ІІІ халықаралық олимпиада жалғасып жатыр. Бұл ғылым мен технологияны ұштастыратын алаң. Мұнда оқушылар білім дағдысынан бөлек, технологиялық ойлау қабілетін де таразыға салады. Жасанды интеллект модельдерін әзірлейді. Күрделі кейстердің шешімін табады. Роботтарды отырғызып-тұрғызатын күште осыларда. 

Бәсі биік, тартысы қызу білім бәйгесі. Бүгінгі дарындар ертеңгі цифрлық дәуірдің көшбасшысына айналуы әбден мүмкін. Байрақты бәсекеге 106 мемлекеттен 500-ден астам жас зияткер қатысып жатыр. Әр елден бір ғана команда бақ сынайды. Ал Қазақстан намысын республикалық іріктеуден өткен үздік сегіз оқушы қорғайды. Олардың төртеуі былтырғы халықаралық додада өнер көрсеткен. Қарсыластардың қарымы мықты. Әрқайсы жасанды интеллект саласында ұзақ уақыт тәжірибе жинаған. 

Ибукунолува Гаиус Эзекиас Коба, Сенегал командасының мүшесі:

- Сенегал бұл олимпиадаға алғаш қатысып отыр. Сондықтан біз үшін бәрі таңсық. Алайда, қобалжу болмады, керісінше өте қуаныштымыз. Мұнда есеп шығару, логикалық ойлау және берілген тапсырмаларды шеше білу маңызды. Сайысқа жоғары дайындықпен келдік. Жақсы нәтиже күтеміз. Астанада түрлі ғимараттар мен сәулен нысандары көп екен. Адамдары өте қонақжай, жылы қарсы алды. 

Раволен Четти, Оңтүстік Африка командасының мүшесі:

- Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Әрине, сайыс болған соң оңай емес. Жеке кезеңде қызықты тапсырмалар берілді. Олардың арасында бізге таныс тақырыптар да болды. Бұл олимпиадаға бірнеше ай дайындалдық. Арнайы бағдарламалау тілін меңгеріп, түрлі тапсырмаларды орындадық. Астана бізге жағымды әсер қалдырды. Күн райы қолайлы, тағамдары өте дәмді екен. 

Қатысушылар екі негізгі бағыт бойынша сайысады. Жеке байқауда олар жасанды зерде және машиналық оқыту есептерін шешеді. Алгоритмдер мен деректерді талдаудағы тәжірибесін көрсетеді. Ал топтық кезеңде роботтарды бағдарламалайды. Бұл мақсатта Қытайдан арнайы 10 робот алынған. 

Әділ Есім, IOAI ұйымдастыру комитетінің мүшесі:

- Олимпиадаға қатысу ол өзіңді тәрбиелеу. Сен бір шығарылмай тұрған есеппен 1, 2, 3 күн, жұмалап өткізе аласың. Сол өз өзіңді тәрбиелеу. Сосын алтын медаль алсаң әлемдегі ең үздік университеттер грант береді. Үшінші жыл ғана өткізіліп жатса да бұл олимпиадаға университеттер өткен жылдан бастап назар аударуда. 

Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиада алғаш екі жыл бұрын Болгарияның Бургас қаласында өтіп, сайыста 32 ел бақ сынаған. Ал былтыр Қытай астанасында ұйымдастырылып, 61 мемлекеттің командасы қатысты. Бейжіңдегі білім додасында ұлттық құрама мүшелері үш алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алды. Осылайша, жалпы командалық есепте 4-орынға ие болған. 

Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Мұрат Әріпханов