Қазақстан Президентіне бірқатар елдің сенім грамоталары табысталды
Қасым-Жомарт Тоқаев тоғыз елдің төтенше және өкілетті елшілерінің сенім грамоталарын қабылдады.
Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен салтанатты жиында Молдова Республикасының елшісі Игорь Молдован, Вьетнам Социалистік Республикасының елшісі Тхань Ле Нгуен, Корея Республикасының елшісі Ки Хон Чжон, Оңтүстік Африка Республикасының елшісі Лунгисани Доминик Нтомбелла, Словакия Республикасының елшісі Любомир Регак, Германия Федеративтік Республикасының елшісі Хайке Ренате Пайч, Әзербайжан Республикасының елшісі Алимирзамин Аскеров пен Словения Республикасының елшісі Бранко Раковец және Намибия Республикасының елшісі Моника Ндилявике Қазақстан президентіне Сенім грамоталарын тапсырды. Мемлекет басшысы еліміздің бейбітсүйгіш сыртқы саясат бағдарын ұстанатынын атап өтіп, салтанатты рәсімге қатысушыларға Қазақстанның экономикалық әлеуеті мен инвестиция тарту ісіндегі табыстары жөнінде мәлімет берді. Сондай-ақ елдегі ауқымды саяси реформалар жөнінде тілге тиек етіп, мұндай өзгерістер халықаралық қоғамдастықпен ынтымақтастықты нығайтуда тың мүмкіндіктерге жол ашатынын жеткізді.