24KZ арнасы теледебаттарды түйіндеді

Телеарналардағы теледебат тәмам.

«Соңғы түйенің жүгі ауыр» демекші, елдің басты арнасы басты дебатты да түйіндеді. Төртінші сөз сайыс жеті партияның жетекшілерімен өтті. Төрт кезеңнен тұрған тартысқа ел ішінен бөлек шетелдегі отандастар да атсалысты. Алдыңғы үш теледебатқа қарағанда артықшылығы көп. 

Қазмедиа іші қыз-қыз қайнады. Қарсы алу алаңын жеті партия жанкүйерлері жандырып жатыр. Бойларында буы, қолдарында туы бар. Себебі басты арнадағы басты дебатта аянып қалар жайы жоқ. 

Әрбір істің кіріспесі болады. Дебаттың мазмұны ашылмас бұрын маңызы айқындалды. «Хабар» агенттігі бұл жолғы пікір сайысты превью бағдарламадан бастады. Барлық партияның сайлау алдындағы штабтары қамтылды. Өңірлерден бөлек шетелдегі әріптестерімізбен де телекөпірлер ұйымдастырылды. Алдыңғы 3 дебаттан артықшылығы да сол.

Кемелбек Ойшыбаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы:

- Дебат менің ойымша, қарқынды өтті. Себебі басынан бұл дебатты басты дебат деп солай атадық. Партиялардың өкілдерінен есту және партиялардың төрағаларынан шешім қабылдайтын адамдардан есту бөлек. Орны бөлек деп санап басты дебат деп қойдық. Біздер барлық партиялардың штабтарынан тікелей қосылымдар жасадық. Птс-тер қойып, партияларды қалай қолдап жатқанынан ақпарат беріп отырды. Шетелдегі оқып жатырған, қызмет жасап жатырған қазақтарға да сұрақ қоюына мүмкіндік бердік. Сондықтан бірер сұрақ шетелден болды.

Бұл көсем сөз емес, кесімді сөз сайысы. Көрермен көшбасшылардан соны күтеді. Ара жігін де оңай ажыратып алады. Себебі халық – айна. Дебаттағы 4 кезеңнің алғашқысы осы. Сосын қарсыластарына сұрақ қойып, сұлатуға тырысты. Елге де құлақ түргенін еске салайық. Бірнеше күн бұрын сайлаушыларды толғандырған сауалдарды QR код арқылы қабылдау үшін «Басты дебат» телеграм-боты іске қосылған. Партия жетекшілеріне 58 мыңнан аса сұрақ түсті. 

Ал қорыта келе партия жетекшілері сайлауалды мәлімдемесін жасауға мүмкіндік алды.

Айтбай Қайрат, саясаттану ғылымдарының докторы:

- Бұл жердегі ерекшелік – ол Конституцияда болып жатқан өзгерістерді халық көргісі келеді, білгісі келеді. Не өзгеріс бар, қандай жаңалық бар деп көргісі келеді. Қазір 7 партия қосылып жатыр. 145 мандат беріледі. Қалай орын белгіленетінін сайлау көрсетеді ғой. Олардың бір-біріне деген ұқсастығы өте жақын екен. Әрине ол да дұрыс қой. Кез келген партия әлеуметтік жағына көп көңіл бөледі. Халыққа жұмыс табу, айлықтарын көбейту мәселесін бәрі де көтереді. Біреу оны экономикадан іздесе, біреу кәсіпкерліктен іздейді. Біреу экологиядан, біреу басқадан іздеген мәселе ғой. 

Дебат барысында әр сайлаушыны алаңдататын бағыттар баса айтылды. Әл-ауқатты арттырудан бастап әлеуметтік қорғау, ұлттық экономика тақырыптары қызу талқыланды.

Нысаналы Ығыл, тілші:

- Жеті партия жетекшілерінің мінбердегі міндеті мәресіне жетті. Елге жүйелі сөздерін жеткізді. Талқы тақырып «дамыған экономика – қуатты қоғам» болғанын қайтара қаперге саламыз. Бұған басты дебат деп басымдық берілді. Өйткені пікірсайыс алаңында саяси ұйымдардың өкілдері емес, жеті партияның көшбасшылары қатысты. Әрқайсысы ұтымды ұсыныстарын айтты. Ал оның орындалысы алдағы уақыттағы ұмтылыстарына тікелей байланысты болмақ. 

Нысаналы Ығыл, Санжар Біргебаев