Мемлекет басшысы АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының делегациясын қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының делегациясын қабылдады.

Президент палатаның Бюджет және салық жөніндегі комитетінің төрағасы Джейсон Смитпен, сондай-ақ Конгресс мүшелері Грег Мёрфимен, Кэрол Миллермен, Ронни Джексонмен, Уэсли Беллмен және Эдвард Кейспен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев меймандарға ілтипат білдіріп, олардың бір палаталы Құрылтай сайлауымен тұспа-тұс өтіп жатқан сапарының символдық мәніне назар аударды. Қазақстан Президенті Конгресс мүшелерін еліміздің жалпыхалықтық қолдауға ие болған жаңа Конституциясындағы негізгі аспектілермен таныстырды. Мемлекет басшысы Президент Дональд Трамппен конструктивті әрі сенімді диалогтың арқасында екі елдің қарым-қатынасы бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілгенін айтты. Өз кезегінде американдық делегацияны бастап келген конгрессмен Джейсон Смит арнайы қабылдағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, АҚШ Президентінің сәлемін жеткізді. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Майамиге жоспарланған алдағы сапары Қазақстан мен АҚШ арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікке тың серпін беретініне сенім білдірді.

Сондай-ақ оқыңыз: