Тереңде жатқан мұнайды игеруге болады
Біздің ел жылдық мұнай өндірісін 100 млн тоннадан асырмауға тиіс. Өйткені кен орындарында қор сарқылып қалады.
Алайда өндіріс көлемін қазіргіден төмендетпеу маңызды. Енді қайтпек керек? Бұл үшін заманауи технология мен тың әдістер қолданамыз. «Сөйтіп тереңде жатқан мұнайды игереміз», - дейді мамандар. Жер қойнауында алынбай жатқан мұнайды өндірудің әдіс-тәсілдері халықаралық форумда да талқыланып жатыр.
Тереңде жатқан мұнайды игеруге болады
Былтыр елде 99 млн тонна мұнай өндірілді. Биыл бұл көрсеткіш 96 млн тоннадай болады. Өйткені өндіріс көлемінің төмендеуіне Каспий құбыр консорциумы нысандарына жасалған шабуылдар әсер еткен. Сөйтіп жоспар 3,5 млн тоннаға азайды. Дегенмен өндіріс тоқтаған жоқ. Ендігі бір мәселе кен орындарындағы қор мәңгілік емес. Азайып барады. «Сол себепті терең қабаттарда жатқан мұнайды игеру керек», - дейді мамандар. Заманауи технологиялардың арқасында қосымша 33 млн тонна мұнай өндіруге болады. Осындай тиімді әдістер Астанадағы форумда талқыланып жатыр.
Ерлан Акбаров, ҚР Энергетика вице-министрі:
- Біздің ҚМГ ҰК өзінің бағдарламасы бар, бірнеше кен орындарымыздың жер қойнауын пайдаланушылардың бағдарламасы бар. Біздің орталық комиссия соны бекіткен. Ол бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Нәтижелері де бар. Бүгінгі форумның басты мақсаты осы өндірісті, ғылымды әлемдік заманауи жетекші технологияның барлығын бір алаңға шоғырландыру. Кәсіби пікірталас пен тәжірибе алмасудың арқасында болашақта мұнай қайтару бағытындағы жұмысымызды арттырады деген сенімдемін.
Мұнай қайтаруға тың әдістер керек
Әзірге белгілісі, инновациялық технологиялар мен тың әдістер 11 кен орнында сыналады. Ғылыми-инженерлік сынақ 2027–2030 жылдарға жоспарланған. Мұнай-газ саласы бойынша сарапшы Абзал Нарымбетовтың айтуынша, қолданыстағы кен орындарынан тағы 40 пайызға дейін мұнай шығаруға болады. Бұл үшін технологияның ұтымды болғаны жөн. Елде көбіне суды, ал Теңіз, Қашаған, Қарашығанақта газды айдау арқылы, мұнай шығару жолға қойылған. Дегенмен уақыт бұл әдістің де ескіргенін көрсетті.
Абзал Нарымбетов, мұнай-газ саласы бойынша сарапшы:
- Бізде 4 категория дедім ғой. Үлкен кен орны Теңіз бар, Қашаған бар, Қарашығанақ бар. Мысалы Теңізде тек көтерілді мұнай. Қазір өзінің шегінде. Қарашығанақ сол 15 жылда 1 шекте тұр. Қашаған өсіп келеді. Бұдан басқа бүкіл кен орнында төмен түсіп жатыр мұнай, себебі олар ескі, қысымы түскен, суы көбейген. Ол жерде мұнай жылдан-жылға азая береді. Бірақ ол шыққан мұнайды барынша тиімді шығарудың жолы да, астындағы мұнайды неғұрлым көп шығарсақ, соғұрлым бізге көп пайда келеді. Соғұрлым өндірісті біз тежеген боламыз. Бірақ әзірге тежеліп жатқан жоқ. Тек Қызылорданың өзінде 10 жылда мұнай өндірісі 3,5 есе түсті. Ол айдан анық. Оны азайту керек деп ойлаймын.
Мұнай өндірісін төмендетпеу керек
Ресурстарды нығайту және мұнай қорын ұлғайту – стратегиялық міндет. Энергетика министрлігі 60 жылдан бері игеріліп жатқан кен орындары барын айтады. Ондағы қор азайғанымен, таусылды деуге ерте. Мамандар әлемдік компаниялардың тәжірибесін игеру арқылы өндірісті тағы бірнеше жыл жалғастыруға болады дейді. Әлбетте, әр елдің геологиялық құрылымы бар, соны сәйкестендіру маңызды. Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров ұсыныстар пысықталатынын айтады. Тіпті химиялық әдістер де назарға алынады. Жергілікті өндірістік базаны дамытуға 100 млн еуроға дейін инвестиция тартылмақ.
Ерлан Акбаров, ҚР Энергетика вице-министрі:
- Әлемдік тәжірибе қазір МӨК сол коэффициент мұнай өндірісі дамыған елдерде 50 пайыздан асып жығылады. Бізде орташа көрсеткіш, 20 пайыз. Сондықтан біздің әлі де алға жылжитын әлеуетіміз көп. Терең қабатта жатқан мұнайларды осы әдістерді пайдаланып шығаруымыз керек.
Мұнай инженериясы саласының маманы Берік Дүрмағамбетов форумдағы Франция сарапшыларының пікірі ойландырғанын айтады. Олар мұнай қайтару үдерісін жетілдіру үшін стратегияны 5 жылда бірнеше рет өзгертеді. Яғни түрлі әдісті қолданып көріп, озығын қалдырады.
Берік Дүрмағамбетов, мұнай инженериясы саласының маманы:
- Мұнай бергіштікті арттыру әдістері капиталды қажет етеді. Қазіргі таңда компанияларда бюджет мәселесі 1 жылда бір қарастырылады. Олар айтады, сізде 3 ай, 6 ай сайын соны өзгертуіңіз керек. Гибкий болуымыз керек. Сол маған ұнады.
Иә, уақыт өте келе экономиканың мұнайға тәуелділігін азайту маңызды. Дәл қазір салық түсімінің көбі осы сектордан түсетіні рас. Құзырлы министрлік енді мұнай-химия саласын дамытуға мүдделі. Бұл бағытта арнайы бағдарламалар бар. Сәтін салса, төртінші мұнай өңдеу зауыты да пайдалануға беріледі. Ал қолданыстағы кен орындарының қоры азайғанымен, шикізат базасын толықтыру үшін елде жаңа барлау жұмыстары жалғасып жатыр.
Менің айтарым осы. Экономикамыз қуатты, күндеріңіз шуақты болсын.