Бүгін – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні
Бүгін – Алаш қозғалысының қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Алматыда зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен жастар ұлт ұстазының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.
Биыл ғалымның туғанына 154 жыл толды. Сонымен қатар мұражай-үйінде «Ұлт ұстазын ұлықтауға» арналған дөңгелек үстел өтті. Ахмет Байтұрсынұлы кейінгі ұрпаққа өлшеусіз мұра қалдырды. Ол қазақ тіл білімінің тұңғыш әліпбиі мен грамматикалық жүйесін жасады. Әдебиеттанудың тұңғыш теориялық кітабын жазды. Абай Құнанбайұлының шығармашылығын тұңғыш рет ғылыми тұрғыдан зерделеп, ақынның өлеңдері мен дүниетанымына терең баға берді. Ұлт ұстазының жиырмаға жуық кітабы жарық көрді. Оның «Тіл-құрал», «Оқу құралы» секілді еңбектері талай буынның сауатын ашып, ұлттық білім беру жүйесінің қалыптасуына жол салды.
Райхан Имаханбет, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі:
- Ахмет Байтұрсынұлын жыл бойы, күн сайын айтсақ та, насихаттасақ та аздық етеді. Өйткені Алаш мұрасының мұраты – ұлтқа өркениетке жетуге қызмет ету болған. Ендеше, осы қызметті бүгінгі ұрпағы жалғастырып, одан келер ұрпаққа жеткізуге мүдделіміз. Шын мәнінде, Ахмет Байтұрсынұлы өзі жасаған еңбектің дәл осылай тарихи ескерткішке айналарын білген жоқ.