«Маса» жинағы тұңғыш рет ағылшын тілінде жарық көрді
Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» өлеңдер жинағы тұңғыш рет ағылшын тіліне аударылды. Ұлт ұстазының елді білімге, бірлікке үндеген сөзін енді ағылшынтілді оқырман да оқи алады, деп хабарлайды 24KZ.
Аударма авторы – америкалық жазушы, университет оқытушысы Джэйк Заулаки.
Ердана Ержанұлы, тілші:
– Мына тұрған Голден Гейт көпірі Сан-Францисконың қос жағалауын жалғаса, америкалық жазушы Джэйк Заулаки Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» өлеңдер жинағын алғаш рет ағылшын тіліне аударып, мұхиттың екі жағындағы оқырман арасын жақындата түсті.
Ал аударманың алғашқы таныстырылымын Стэнфорд университетінде өткізді. Өзі де кезінде осы оқу орнында магистр дәрежесін алған.
Ал қазақ тілін үйренуді 2015-17 жылдары Моңғолияда бастапты. Бейбітшілік корпусының еріктісі болып барған америкалық әуелі моңғол тілін оқыған. Кейін қазақтар көп тұратын Баян-Өлгейге көшіп, жергілікті жұртпен жақын араласу үшін қазақша үйренуге кіріседі. Достарынан сұрап, естіген сөздерін дәптерге түртіп жүріп, күнделікті сөйлесетін деңгейге жетеді.
АСТАНА Ал Алаш мұрасына қызығушылығы Астанадағы Назарбаев университетінде оқып жүргенде ояныпты. Студенттердің Алаш қайраткерлерін ерекше құрмет тұтатыны, олардың қиын заманда ел ертеңінен үміт үзбегені Джэйкке қатты әсер еткен екен. Кейін сол мұраны ағылшын тіліне аударуға бел буады.
Джэйк Заулаки, жазушы, аудармашы:
– Ахмет Байтұрсынұлының жалынды жырларындағы толғанысқа толы сезім терең философиялық оймен астасып жатыр. Ақын өзі куә бола алмаса да, келер күннің жарқын боларына сенгенін сезесің. Ол өмірлік ұстанымын өлеңмен шебер өргені сонша – жырлары жаныңды толқытып, терең із қалдырады. Сондықтан Ахмет туралы сөз қозғаған сайын оның «өзімізді дамытайық, келешегімізді жақсартуға күш салайық, қолға алған ісімізге жан-тәнімізбен берілейік» деген ұранын ағылшынтілді оқырманға жеткізгім келеді.
Алайда сол ойды өзге тілде жеткізу оңай болмаған. Джэйк әуелде жинақтың тілі қазіргі қазақшаға жақын шығар деп ойлапты. Бірақ ескі емле, араб пен парсы тілдерінен енген сөздер, ақынның өлең өлшемі мен ұйқасына сай балама табу үлкен ізденісті қажет еткен. Қазақтілді достарымен, лингвистермен және ағылшын тілді ақындармен ақылдаса келіп, оңтайлы аудармаға қол жеткіздім дейді. Ал қолжазба дайын болған соң, оны кітап етіп шығару үшін де тағы біраз кедергіден өтуге тура келіпті.
Джэйк Заулаки, жазушы, аудармашы:
– АҚШ-та Орталық Азия әдебиетіне маманданған баспалар аз. Бір жылдан астам уақыт баспа іздедім. Он шақтысы кітапты шығарудан бас тартты: біреуіне тарихи кезең сәйкес келмесе, енді біріне жанры дәл келмеді. Ақыры баспа табылды, бірақ шығынның бір бөлігін өзім өтеуім керек болды. Тәуелсіз аудармашы әрі зерттеуші болғандықтан, оған қаражатым болмады. Содан краудфандинг платформасы арқылы Моңғолиядан алып келген түскиіздерімді сатып, достарымнан ақша жинауға бел будым. Оқырмандардың қолдауымен жоспарлаған сомадан да көп қаржы жиналды.
Қазір Джэйк Сан-Диего университетінде сабақ береді. Студенттеріне Орталық Азияның бес елінің әдебиетін оқытады. Қазіргі негізгі зерттеу бағыты комикстер болғанымен, Джэйк қазақ әдебиетін ағылшыншаға аударуды ары қарай да жалғастырғысы келеді. Келесі қолға алғысы келетін туындысы – Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» романы. Бұл жолда қазақшасын әлі де ширатып, қазақстандық аудармашылармен тізе қосып, еңбек етуді мақсат тұтыпты.
Авторлары: Ердана Ержанұлы, Иджоу Шін