Сеул Қазақстан Президентін қарсы алды
Қасым-Жомарт Тоқаев мұнда мемлекеттік сапармен барғанын айттық. Президент бұдан бөлек «Корея Республикасы - Орталық Азия» бірінші саммитіне қатысады. Халықаралық жиын қарсаңында Сеулде қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, бірқатар дайындық шаралары өтті.
Владислав Цой, тілші:
- «Корея Республикасы - Орталық Азия» бірінші саммитіне үлкен мән беріліп отырғанын бұрын-соңды болмаған қауіпсіздік шараларының қабылдануынан аңғаруға болады. Қалада 13-17 қыркүйек аралығында қауіп-қатер деңгейі төрт көрсеткіштің ішіндегі екінші, ең жоғары «Дабыл» белгісіне дейін көтерілді. Мұндай күшейтілген режим халықаралық террористік ұйымдар тарапынан төнетін ықтимал қауіптердің алдын алу мақсатында енгізіліп отыр. Қауіпсіздіктің бұл деңгейі ел аумағында маңызды халықаралық іс-шаралар басталардан үш күн бұрын енгізіледі.
Сеулде жоғары деңгейдегі ресми келіссөздермен қатар мәдени іс-шаралар да өтеді. Йоидо ауданындағы Ханган саябағында интерактивті киіз үй мен заманауи этноауыл бой көтерді. Сеулдіктердің алдында «Ұлытау» этно-рок тобының әртістері өнер көрсетеді. Өнер орталықтарының бірінде «Алматы, мен сені сүйемін», «Паралимпиец» және «Томирис» қазақстандық кинофильмдері тегін көрсетіледі. Ал саммит қарсаңында оңтүстіккореялық журналист Ким Сан Ук «Қазақстан – Евразия жүрегі» атты кітабының тұсаукесерін өткізді.
Ким Сан Ук, «Қазақстан - Еуразия жүрегі» кітабының авторы:
- Бұл кітапта мен Қазақстанның Корея үшін қалай дос бола алатынын, қандай қиындықтармен бетпе-бет келетінін және оның ұлттық даму стратегиясы қандай екенін егжей-тегжейлі жаздым. Сондай-ақ қазақ халқының болашағы, өзін-өзі тануы, діні мен мәдениеті тақырыптарына тоқталып, Қазақстанның бір бөлігі саналатын Корей диаспорасы туралы да баяндадым. Бұл кітапты оқығандар республика туралы жан жақты түсінік алып, оны бұрынғыдан да жақын дос ретінде қабылдай бастайды.
Қазақстан Президентінің мемлекеттік сапары 15 қыркүйек күні түстен кейін басталады. Қасым-Жомарт Тоқаев оңтүстіккореялық әріптесімен келіссөз жүргізеді деп күтілуде. Келесі күні саммит пен өңір елдерінің Үкіметтері мен кәсіпкерлерінен құралған 500-ге жуық өкілдің қатысуымен бизнес-форум жоспарланған.
Оңтүстік Корея Президентінің баспасөз хатшысы Кан Ю Джон брифингте мәлім еткендей, Сеулде өтетін кездесулерден жаһандық жеткізу тізбектерін әртараптандыру мәселесі қаралады. Бұл ел Орталық Азияның бай минералды және энергетикалық ресурстарын кореялық барлау және қайта өңдеу технологияларымен байланыстыруға ниетті. Бұдан басқа, Сеул өңірдің қолдауына сүйене отырып, солтүстіккореялық мәселе бойынша ынтымақтастықты нығайтуды және трансұлттық қылмысқа қарсы тұру ісін күшейтуді жоспарлап отыр. Кан ханым мысал ретінде Қазақстанмен өзара іс-қимыл нәтижесінде 5 миллиард 800 миллион вон сомасына телефон алаяқтығымен айналысқан ұйымның 19 мүшесі ұсталғанын атап өтті. Біз сеулдіктерден алдағы саммиттен не күтетіндерін сұрап көрдік.
Хан Кван Джу, Сеул қаласының тұрғыны:
- Қазақ пен корей халықтарының рухани жақындығына негізделген мәдени алмасу маңызды, бірақ менің ойымша, одан да маңыздысы – экономикалық ынтымақтастық. Қазақстанның шексіз табиғи ресурстары оңтүстіккореялық технологиялармен ұштасса, дамуға тіпті үлкен серпін бере алады. Егер іс осылай жалғаса берсе, Қазақстан даму деңгейі жағынан, тіпті Кореяны да басып озуы мүмкін.
Чхе Ён Хун, Сеул қаласының тұрғыны:
- Кореяда пайдалы қазбалар жетіспейді, сондықтан қазақстандық бай ресурстарды пайдалануға мүмкіндік болса, өте жақсы болар еді. Сонымен қатар Қазақстан – туризм үшін тамаша жер, бұл сала бойынша да жақын ынтымақтастық орнатуға болады. Өйткені Кореядан Қазақстанға ұшу ұзақтығы не бары алты сағат шамасында және тікелей рейстер көп. Табиғи байлықтары таңғаларлықтай әр алуан. Корейлер Қазақстанда курорттарды көбірек салса, тіпті жақсы болар еді деп ойлаймын.
Владислав Цой, тілші:
- Оңтүстіккорея Президенті баспасөз хатшысының айтуынша, «Корея – Орталық Азия» саммитінің басты мақсаттарының бірі – Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты кеңейту. Егер бұрын экономикалық қатынастар тек ресурстар мен инфрақұрылымға ғана негізделсе, енді мемлекеттердің Жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, ғылым, климаттың өзгеруімен күрес, су ресурстарын басқару және табиғи апаттарға қарсы әрекет ету сияқты салаларда бірлесіп жұмыс істеу міндеті тұр.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян