Қазақстанның БРИКС елдерімен тауар айналымы 72 млрд долларға жуықтады

Қазақстанның БРИКС-қа мүше және серіктес елдермен тауар айналымы 72 млрд долларға жуықтады. Бұл туралы Нью-Делидегі жиында Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. 

Мемлекет басшысы алпауыт елдердің басы қосылған жиынға қатысып, сөз сөйледі. Президент трансшекаралық инфрақұрылым, көлік қатынасы жайында қаузады. Бұдан бөлек, бірқатар елдің басшыларымен кездесті.

Әлішер Әли, тілші:

- Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай. Алпауыт 4 мемлекеттің бастамасымен құрылған бірлестік бүгінде тамырын тереңге жайды. Қазір Брикстің құрамында 11 мемлекет бар, тағы 10 ел серіктес мәртебесіне ие. Осы онның бірі – Қазақстан. Жыл санап ұйымның  беделі мен ауқымы кеңейіп келеді. Оған мүше елдерде қазір 4 млрд халық бар. Бұл жер жүзіндегі адамдардың жартысы. Бірлестік жаһандық жалпы ішкі өнімнің 40 пайызын қамтиды. Ал әлемдік саудадағы үлесі – 26 пайыз. 

Үндістанның төрағалымен өткен биылғы жиынға Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы келді. Мемлекет басшысын «Бхарат Мндапам» көрме орталығында Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди құшақ жая қарсы алды. Артынша «БРИКС+» форматындағы пленарлық отырыста Президент сөз сөйледі. Мемлекет басшысы қонақжайлық танытқан премьер-министрге алғыс айтып, БРИКС ұйымының мән мазмұнына тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев алауыздықты азайтып, нақты нәтижеге қол жеткізуіміз керек деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Геосаяси қақтығыстар ушығып, милитаризация күшейген, көпжақты институттар әлсіреп, сауда кедергілері көбейген кезеңді сипаттайтын «Жаппай жікке бөліну» деген ұғым пайда болды. Былтыр қақтығыстардың салдарынан жаһандық экономика шамамен 22 триллион доллар зиян шекті. Яғни әлемдік ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына парапар. Бұл – алаңдатарлық ахуал. Біз аймақтық кикілжіңдердің қақтығысушы тараптармен шектелмей, халықаралық экономикаға зардабын тигізе бастағанына куә болып отырмыз. Маңызды теңіз жолдарының үзілуі жаһандық энергетика, азық-түлік және сауда тізбегіндегі осал тұстарды анық көрсетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев трансшекаралық инфрақұрылымға төнген қауіп-қатердің ұлғая түсуін тағы бір күрделі мәселе ретінде атады. Сондай-ақ жетекші державалар арасында сенім деңгейінің төмендеуі БҰҰ тиімді әрекет ету мүмкіндіктерін шектейтінін айтты. Мемлекет басшысы жасанды интелектінің рөліне тоқталып, Қазақстанның БРИКС-қа мүше және серіктес елдермен тауар айналымы 72 млрд долларға жуықтағанын мәлімдеді. Көлік қатынасын нығайту мәселесі де қаузалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өткен жылы Қазақстан арқылы 40 миллион тоннаға жуық транзиттік жүк тасымалданды. Ұзақмерзімді жоспар бойынша осы көрсеткішті жылына 100 миллион тоннаға жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Қазір Қытай мен Еуропа арасындағы құрлық жолдарымен жеткізілетін жүктің 85 пайызы Қазақстан аумағымен өтеді. Еліміз Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясында Азия мен Еуропа арасын Каспий теңізі арқылы жалғайтын стратегиялық нүкте саналады. Бұл маңызды бағдарды «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен және «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізімен ұштастыру Еуразияның барынша интеграцияланған және орнықты көлік желісін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осы орайда, Үндістан логистика және жеткізу тізбегі салаларындағы ынтымақтастықты көздейтін БРИКС Негіздемелік бағдарламасын ұсынды. Мен мұны құптаймын. Өйткені ол «БРИКС плюс» форматындағы нақты ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді

Алпауыт елдердің басы қосылған жиыннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Нарендра Модимен кездесті. Президент саммиттің табысты өтуімен құттықтап, Үндістанның ғылыми-техникалық саладағы жетістіктеріне тоқталды. Көшбасшылар екіжақты күн тәртібіндегі нақты мәселелерді, соның ішінде энергетика, цифрландыру, білім және туризм салаларындағы ынтымақтастық жолдарын талқылады. Astana Hub және Хайдарабад технологиялық экожүйелері арасындағы серіктестіктің келешегі де қаузалды. Жиын соңында Мемлекет басшысы Үндістан премьер-министрін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.

Правеш Кумар Гупта, халықаралық сарапшы:

- Үндістан мен Қазақстан арасындағы экономикалық қарым-қатынас жоғары деңгейде деп айта аламын. Қос елдің арасында стратегиялық серіктестік бар және екіжақты ынтымақтастықтың көптеген тетіктері жұмыс істейді. Қазіргі уақытта екіжақты сауда көлемі шамамен 1 млрд долларды құрады. Дегенмен екі тарап та бұл көрсеткішті көбейтуге бейіл әрі экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге деген мүдделері өзара сәйкес келеді. Президент Тоқаев пен премьер-министр Модидің кездесуі осы бағытта экономикалық ынтымақтастықтың жаңа арналарын ашады деп ойлаймын. 

Биылғы жылдың алты айында Үндістаннан елімізге импортталатын тауар көлемі 242,8 млн доллар болды. Бұл – жалпы импорттың 0,77%-ы. Бұл көрсеткіш аз әрине. Алайда еліміз Үндістан нарығының әлеуетін толық пайдалануға ниетті. Қазақстан металл, химия, мұнай-химия өнімдерін, ауыл шаруашылығы тауарларын, стратегиялық маңызы бар минералдарды жеткізуге қауқарлы. Ал Үндістан фармацевтикалық өнімдерді, технология мен жабдықтарды жеткізе алады. Осы қатарға көлік-логистика саласын да қосуға болады. Үндістан – «Солтүстік - Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің соңғы нүктесі. Аталған дәліз арқылы Парсы шығанағы порттарына, одан әрі Үндістан нарығына тікелей шыға аламыз.

Сандип Сингх, саяси сарапшы:

- Қазақстан – Орталық Азияда жетекші рөл атқаратын және зор экономикалық әрі стратегиялық әлеуетке ие, халықаралық деңгейде мойындалған «орта держава». Жаһандық жүйе қарқынды өзгерістерге ұшырап жатқан тұста біздің ынтымақтастығымыздың маңызы арта түсті. БРИКС Үндістан мен Қазақстанға энергетика, технология және қауіпсіздік салаларындағы байланыстарды тереңдету үшін тамаша алаң ұсынды. Бұл бізге бүкіл құрлықтағы тұрақтылықты нығайтуға бірлесіп үлес қосуға мүмкіндік бермек.

Үндістан нарығы өте ауқымды. Әлемдегі ең ірі экономикалардың бірімен алыс-берісті ұлғайтсақ, ұтарымыз көп. Сарапшылар осылай дейді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Делидегі сапары тек Нарендра Моди кездесуімен шектелмейді. Мемлекет басшысы Брикс аясында Ресей Президенті Владимир Путинмен, Малайзия, Вьетнам елдерінің Премьер-министрлерімен, Бурунди президенті Эварист Ндайишимийемен, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен, Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры және Таиланд премьер-министрінің орынбасары аз-кем әңгімелесіп, біраз шаруаның бетін қайырды. 

Авторлары: Әлішер Әли, Марат Диханбаев

Сондай-ақ оқыңыз: