Президент:  Қазақстан – әлеуметтік мемлекет

Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев жастармен және экобелсенділермен бірге Президент саябағының аумағында ағаш екті. Артынша жауапты мемлекеттік органдар басшыларының есебін тыңдап,  «Таза Қазақстан» акциясына қатысушылар алдында сөз сөйледі.

Әлішер Әли, тілші:

- Астанада 500-ге жуық аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Жыл соңына дейін тағы 170-тен астамы ретке келтіріледі. Жеңіс Қасымбек «Таза Қазақстан» аясында Президентке осылай деп есеп берді. Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әкіміне ғимараттардың қабырғасына граффити салатын тұлғаларға қатысты қатаң шара қолдануды тапсырды. Ал Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы жүзеге асырыла бастаған кезден бері 2 мыңнан астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылғанын баяндады. Экологиялық акция аясында 3,8 миллион тонна қоқыс жиналып, 10 мыңдай қоқыс төгетін орын жойылған.

Экологиялық акция асында Қасым-Жомарт Тоқаев экобелсенділермен бірге Президент саябағының аумағында ағаш екті. Мемлекет басшысы «бір тал кессең, он тал ек» деген бабалар сөзін тілге тиек етіп, біз экологиялық мәдениеті жоғары ел болуымыз керек деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тағы да атап өтейін, бұл мемлекетіміздің Конституциясында айқындалған аса маңызды міндет. «Таза Қазақстан» жарқын болашағымыздың кепілі. Бұл жай ғана ұран емес, бұл шын мәнінде еліміздің тазалығы өркениетті болашаққа апаратын даңғыл жол деген сөз. Өркениеттілік, жасампаздық пен ілгерілеу ұғымдарының ластыққа, селқостыққа ешқандай қатысы жоқ. Бұл өмірдің ақиқаты. Түптеп келгенде, бұл жұмыстың бәрі де өскелең ұрпақтың қамы үшін жасалып жатыр.

Жыл басынан бері 600-ден астам экологиялық іс-шара өтті

Жыл басынан бері елде 600-ден аса экологиялық іс-шара өтті. Маңызды жұмысқа 7 миллион адам қатысты. Нәтижесінде 130 мың гектардан аса жер тазартылып, 1,3 миллион тал егілді.

Президент «Таза Қазақстан» қозғалысын жаңа сапалық деңгейге көтеруіміз керек, сол үшін тазалықтың ұлттық стандартын әзірлеу қажет деп ойлаймын деді.

Ұланғайыр жерімізде әлеуметтік маңызы зор нысандар бой көтеріп, ондаған мың шақырым автокөлік жолы мен теміржол салынып жатыр. Президент құрылыстың сапасы өте жоғары болуына баса назар аударып, бұл жұмысты қатаң бақылауда ұстаймын деді. Бұдан бөлек Мемлекет басшысы шаһардағы урбанистика орталығының жұмысына баға берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тазалық, тәртіп және жайлылық әлемде халықтың тұрмыс мәдениеті мен өркениет деңгейінің, сондай-ақ адамгершілік қасиеттерінің көрінісі ретінде қарастырылады. Бұл ақиқат. Жақында Астана мен Алматыға Американың белгілі конгресмендері келді. Олар көшелердің тазалығы мен жинақылығына таңғалып, қаланы басқару деңгейі мен сапасына жоғары баға берді. Әлеуметтік желілерде ірі қалаларымыздың келбетіне тәнті болған шетелдік қонақтар мен туристердің бейнежазбаларын жиі байқаймыз. Көрікті қоғамдық кеңістіктер, қауіпсіздік пен жайлылық шетелде Қазақстанға қатысты оң пікір қалыптастырады. Бұл әрине қуантарлық жайт.

Президент:  Қазақстан – әлеуметтік мемлекет

Қазақстан шын мәнінде әлеуметтік мемлекет. Президент қаузаған тақырыптардың бірі осы. Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерінен ешқашан бас тартпайды. Өйткені бұл міндет Конституциямызда анық әрі тура жазылған деді. 

Мәселен, тек біздің елде ғана бюджеттен төленетін медициналық көмек мемлекетіміздің әр азаматына, қандасқа, тіпті елімізде тұруға рұқсаты бар шетелдік азаматтардың кейбір санатына да ұсынылады. Тегін медициналық қызметтердің тізімі мұнымен түгесілмейді. Президенттің бастамасымен құрылған ұлттық қор да ел игілігіне қызмет етуде. Оны бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев та баса айтты. Бұдан қалса тек елде ғана босанған әйел үш жылға декреттік демалысқа шыққанда, қаржылық пакеті мен жеңілдік төлемдері, сондай-ақ жұмыс орны сақталады. Президент Мемлекет жас аналарды, кем дегенде, бұрынғы жұмысына орналастыруға міндетті деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Халықаралық рейтингтерде ұдайы көш бастайтын елдердің бірқатарында мұндай әлеуметтік жеңілдіктер жоқ, болуы да мүмкін емес. Ол жақта босанған аналар жарты айдан кейін қызметіне оралуға асығады, әйтпесе жұмысынан айрылады. Мемлекет кепілдік беретін тегін көмек жайында естімеген, ондай әлеуметтік қолдау шаралары бар дегенге сенбейді де. Ал біз мұны ашық айтпаймыз. Халықаралық рейтингтерде 30, 40, 50-орындарда, тіпті, одан да төмен сатыда орналасамыз. Азаматтарға қандай қамқорлық көрсетіліп жатқанын ешкім білмейді.

Елде аз қамтылған немесе ауқатты отбасыдан шыққанына қарамастан 1-4 сынып оқушыларының барлығына ыстық тамақ беріледі. Президент талаптар мен нормаға сай, таңғы және түскі ас бала күні бойы алуға тиіс құнардың 40 пайызын өтеуі керек. Мұндайды қай елден көрдіңіздер? «Гүлденген социализмнің» тұсында да мұндай қамқорлық болмаған деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Парламенттің бұрынғы құрамы заңнамаға есту қабілеті бұзылған балаларға арнайы құрылғыны ақысыз беру туралы өзгерістер енгізу қажет деп ұйғарды. Мұндай аппараттар шетелде шығарылады. Сондықтан Үкімет тез арада отандық өндірісті жолға қоюы керек. Жалпы Үкімет Құрылтаймен және қоғамның белсенді өкілдерімен бірлесіп, әлеуметтік көмектер мен жеңілдіктердің мақсатқа сай берілуін қамтамасыз етуі қажет. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет шын мәнінде мұқтаж жандарға көмек қолын созуға міндетті. Сонда ғана әділдік салтанат құрады.

Президент жиын соңында волонтерлерге сәттілік тілеп, суретке түсті. Мемлекет басшысы еріктілердің еңбегін ұдайы қолдап келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымында сөйлеген сөзі бұған дәлел. Қасым-Жомарттың бастамасын әлем елдерінің барлығы дерлік қолдап, биылғы жыл Халықаралық волонтерлер жылы болып жарияланған болатын. Бұдан бөлек еліміз волонтерлік қызметті ең жоғары заң деңгейінде, яғни Конституцияда бекіткен санаулы мемлекеттердің бірі.

Мерей Халел, волонтер:

- Таза Қазақстан тазалыққа үндеп қана қоймай, өркениетті елдерге тән қоғамдық құндылықтарды қалыптастыруға үлес қосып келеді. Экологиялық жоба жайлы өзге мемлекеттердің басшылары да құлағдар. Президент былтыр Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінде елімізде «Таза Қазақстан» бірегей жобасы табысты жүзеге асырылып жатқанын айтып, 22 сәуірді «Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні» деп жариялауды ұсынған болатын. Бұл бастама да елеусіз қалмады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент саябағынан кейін, «Мыңжылдық» аллеясына барды. Биыл мұнда бас жоспарды кезең-кезеңімен іске асыру басталды. Негіз мақсат ұзындығы төрт шақырымға созылатын, ғимараттар арасын жалғайтын біртұтас желілік парк құру. Қазірдің өзіңде музыкалық-драма театрдың аумағында жаңа гүлзар абаттандырылған.

Рәпиқа Құрманбаева, қала тұрғыны:

- Greenline желілік паркі де Президент назарынан тыс қалмады. Мұнда екінші кезеңдегі абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Талдыкөл экопаркінін жобасымен танысты.

Әлішер Әли, Марат Диханбаев, Дильмурат Сейдаханов

Сондай-ақ оқыңыз: