ШҚО-да экологиялық талапты бұзғандар жауапқа тартылады

Биыл Шығыс Қазақстан облысында e-Otinish платформасы мен «Таза Қазақстан» чат-ботына түскен шағымдар негізінде 120 рет тексеру жүргізілді, деп хабарлайды 24KZ.

Нәтижесінде қоршаған ортаны ластаған 66 кәсіпорын анықталып, тиісті шара қабылданды. «Тұрғындардың белсенділігі мен азаматтық ұстанымының арқасында заң бұзушылықтар дер кезінде жойылды», – дейді жауаптылар.

Экология департаментінің мамандары жұмыс барысында жаңа тәсілдерді қолдана бастады. Инспекторлар әлеуметтік желідегі ақпараттарға тұрақты түрде талдау жүргізеді. Ондағы фото мен бейнежазбаларды зерделеу арқылы ауаға таралатын зиянды қалдықтарды және заңсыз қоқыс үйінділерін анықтайды. Осылайша, әлеуметтік желідегі тұрғындардың жазбалары экологиялық заң бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға көмектесіп отыр.

Егер кәсіпорынның қоршаған ортаға зиян келтіргені анықталса, экологтар алдымен ескерту хат жолдайды. Бұл – тексеру емес, алдын алу шарасы. Яғни кәсіпорынға кемшілікті түзетуге мүмкіндік беріледі. Ал ескертуге қарамастан, экологиялық талаптарды қайта бұзатын кәсіпорынға қатысты тиісті шара қолданылады.

Меруерт Ризабекова, ШҚО Экология департаментінің бөлім басшысы:

– Әлеуметтік желілерден қандай да бір заңбұзушылық туралы ақпарат байқалса, тексеру тағайындамай-ақ тиісті акт жасаймыз. Содан кейін анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы кәсіпкерлік нысанына жолдаймыз. Егер кәсіпорын берілген нұсқаманы орындамаса, бес жұмыс күні ішінде жоспардан тыс тексеру тағайындалады. Одан кейін мамандар кәсіпорынның өзіне барып, жағдайды тексереді.

Елена Березинская-Абилова да экологтарға үнемі көмектесіп жүреді. Ол – эко белсенді. Осы уақытқа дейін мамандарға заңсыз қоқыс төгілген ондаған орынды анықтауға көмектескен. Байқағандарын фотоға, видеоға түсіріп, экологтарға жібереді.

Елена Березинская-Абилова, «Өскемен тынысы» экологиялық қорғау бюросының жетекшісі:

– Қазір осы бағытта арнайы іс-шаралар жоспары жүзеге асырылып жатыр. Ірі кәсіпорындардың кейбір экологтармен де байланыс орнаттық. Мысалы, кірпіш зауытының маңына барғанымызда, саяжай учаскелеріне арналған тұрмыстық қалдықтар полигонының айналасында қоқыс үйінділері жатқанын көрдік. Осы мәселені чат-бот арқылы жолдадық. Нәтижесінде небәрі үш күннің ішінде қоқыс алаңы тазартылды.

Шығыс Қазақстан облысында тұрғындар экологиялық мәселелерді шешуге белсенді атсалысады. Олардың көмегімен абаттандыру талаптарын бұзу, ауаны ластау сияқты жүздеген заңбұзушылық анықталған. Биыл экологтар 120 тексеру жүргізіп, экологиялық талаптарды бұзған кәсіпорындарға 230 миллион теңгеден астам айыппұл салған.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин

Сондай-ақ оқыңыз: