Елімізде күн суытып, қар жаууы ықтимал

Қазақстанда алдағы күндері ауа райы айтарлықтай өзгереді. Қазгидрометтің болжамына сәйкес 27, 28 қыркүйекте елдің бірқатар өңірінде күн суытып, кей жерлерде ауа температурасы нөлден төмендеуі мүмкін, деп хабарлайды «24KZ» Қазгидрометке сілтеме жасап.

Елдің басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Дегенмен жекелеген аймақтарда найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Ал таулы өңірлерде қар жаууы ықтимал.

Солтүстік пен шығыста түнгі температура 1–3 градусқа дейін төмендейді. 27, 28 қыркүйекте үсік республиканың солтүстік-батысы мен орталық өңірлерінде де тіркелуі мүмкін. Кей жерлерде түнгі және таңғы уақытта тұман түседі.

Сонымен қатар елдің шығысы, орталығы, оңтүстігі және оңтүстік-шығысында ауа райы құбылмалы болады. Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты бұл өңірлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Алматы облысының таулы аудандарында жаңбырдың қарға ұласу ықтималдығы бар.

Ал батыс, солтүстік-батыс және оңтүстік-батыс облыстарда болжам кезеңінде жауын-шашын күтілмейді. 27, 28 қыркүйекте құрғақ ауа райы солтүстік пен шығысқа да таралады.

Синоптиктердің болжамынша, қазан айының алғашқы күндерінде Қазақстанның кейбір өңірлерінде салыстырмалы түрде жылы ауа райы сақталады. Дегенмен ел аумағында ауа райы әркелкі болады: бірқатар облыста жылылық жалғасса, басқа өңірлерде жаңбыр жауып, қар аралас жауын-шашын түсуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз: