Мемлекет басшысы ресми сапармен Германияға барады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапармен барады.

Берлинде Қазақстан Президенті Германияның жоғары лауазымды тұлғаларымен келіссөз жүргізіп, екі жақты байланыстарды жаңа деңгейге көтеру мәселелерін талқылайды. Сондай-ақ қос елдің іскер топтарының қатысуымен бизнес форум өтіп, инвестициялық және экономикалық ынтымақтастықтың келешегі сөз болады.

Сағыныш Әбікей, тілші:

- Берлин – тарихтың талай тарауына куә болған қала. Бір кездері қабырға бөліп тұрған шаһар бүгінде Еуропаның саяси диалогы тоғысатын маңызды орталықтардың біріне айналды. Қалада бүгін әдеттегідей қарбалас. Бірақ дипломатиялық күн тәртібінде шаһар үшін маңызды күндердің бірі. Ертең мұнда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми сапары аясында Германия канцлері Фридрих Мерц қабылдайды. Ал екі елдің бизнес өкілдері экономикалық байланыстың жаңа бағыттарын талқылау үшін бас қосады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан тура үш бұрын Берлинге ресми сапар жасаған. Дипломатиялық дәлдік десек те осы уақыт аралығында көп нәрсе өзгерді. 2025 жылғы мамырда  елдің канцлері болып Фридрих Мерц сайланды, яғни ертең Тоқаев пен Мерц алғаш рет бетпе-бет кездеседі. Мақсат әрине біреу. Астана мен Берлин арасындағы байланысты бір бекемдеп алу.  

Азамат Байғалиев, Қазақстандық қоғамдық даму институты басқарма төрағасының орынбасары:

- Германия іс жүзінде Еуропалық Одақ пен еуропалық интеграцияның көшбасшысы. Ол Еуропалық одақтың жалпы сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындауда шешуші роль атқарады. Қазақстанның Еуропалық одақ елдерімен қарым-қатынасы өзара сенім мен кеңейіп келе жатқан экономикалық ынтымақтастық арқасында қазіргі таңда ең жоғары деңгейге жетті, атап айтқанда, өткен жылы Германиямен сауда айналымы 9%-ға өсті. 

Германияның Орталық Азия елдерімен саудасының 80%-дан астамы Қазақстанға тиесілі. Былтыр елдер арасындағы тауар айналымы 4,4 млрд АҚШ долларына жеткен. Инвестициялық ынтымақтастықтың әлеуеті бұдан да зор. Германиядан Қазақстанға тартылған тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 8 млрд АҚШ долларын құрады. Елде германиялық тараптың қатысуымен 1102 кәсіпорын жұмыс істеп тұр.

Бауыржан Ысқақ, экономист:

- Қазақстан үшін дәл қазіргі уақытта неміс инвестицияның тиімділігі тек қана ол бізге қанша миллиард доллар келді деген көрсеткіштен гөрі кемінде, мысалға, төрт нәтижемен бағаланған жөн деп өзім ойлаймын. Бірінші кезекте әрине бұл қанша өндірісті біз жергілікті өңірге дамыта алдық. Екіншісі қанша технология келді. Үшіншісі қанша қазақстандық кәсіпорын жаһандық жеткізу тізбегіне кірді және де қанша білікті жұмыс орыны құрылды деген сияқты сауатты, сапалы осы төрт сұраққа жауап бере алатын болсақ, онда біздің де осы сырттан келетін инвестициялық ағындарға тиімділігіміз арта береді деп өзім ойлаймын. 

Қазақстан құрлықта Шығыс пен Батысты байланыстыратын көпір. Бұл ретте Германияның орта дәлізге деген қызығушылық ортаймайтыны анық.

Бауыржан Ысқақ, экономист:

- Жалпы мынау Транскаспий бағыты болғанда көбінесе Орта дәліз деп аталынады. Бұл енді тек қана бұның негізгі маңызы Қазақстан арқылы ғана жүк өткізуі емес, оның стратегиялық әсері Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы өндірістік логистикалық хабқа айналу мүмкіндігімен де байланыстыруға болады. Енді жалпы Еуроодақ Қазақстан мен Орталық Азиямен байланыстыратын порттарды кеңейту, одан кейін мынау автомемлекет және де басқа да теміржол инфрақұрылымдарын жетілдіру және де логистикалық орталықтарды құру жобаларымен өздеріне басымды бағыт ретінде қарап отыр. 

Германияға шикізат қауіпсіздігі, ал  Қазақстанға немістің капиталы керек. Демек, бұл сапар қос тарапқа да теңдей тиімді  болмақ. Ертең  Берлинде «Болашаққа бағдарланған жан-жақты әріптестік» атты қазақ-герман бизнес-форумы өтеді. Президентпен бірге Берлинге бір топ қазақстандық делегация да келеді, тараптар қандай құжаттарға қол қояды, не деп келіседі ертең тарқатып айтып береміз.

Сағыныш Әбікей

Сондай-ақ оқыңыз: