Қ. Тоқаев Германия қаржы және ғылыми институттарының басшыларымен кездеседі
Қасым-Жомарт Тоқаев Федералды Президент Франк-Вальтер Штайнмайердің шақыруымен Германияға ресми сапармен барды.
Сапар аясында Берлинде ГФР Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен және Федералды Канцлер Фридрих Мерцпен келіссөздер жоспарланған. Тараптар Қазақстан мен Германия арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайту перспективасын талқылайды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхен қаласына барады. Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Германияның маңдайалды компанияларының, қаржы және ғылыми институттарының жетекшілерімен, жоғары оқу орындарының ректорларымен кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Президент Берлинде бизнес-форумға және Мюнхенде технологиялық бизнес-форумға қатысады.
Әлішер Әли, тілші:
- Рейхстаг, Музей аралы, Канцлер кеңсесі. Шаһардағы көрнекті орындарды бойлай аққан Шпрее өзені, Берлиннің өзегі. Жергілікті қаламгерлер жырға қосқан жуас өзен, кейінгі күндері буырқанып тұр. Себебі күні кеше Берлин 60 мыңға тарта желаяқты бір арнаға тоғыстырып, әлемдегі беделді марафондардың бірін өткізді. Ал бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға ресми сапары басталады.
Қазақстан президентінің борты Берлинге келіп қонды. Мәртебелі мейманның келуіне орай қызыл кілем төселіп, құрмет қарауылы сап түзеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары 3 күнге жалғасады. Ертең қос елдің басшылары жоғары деңгейде келіссөздер жүргізеді. Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылайды.
Қазақстан мен Германия арасындағы алыс-беріс пен барыс-келіс жылдан жылға артып келеді. Былтыр қос ел арасындағы тауар айналымы 4,5 млрд АҚШ долларына жетті, экспорт көлемі 7,4 , импорт 10,3 пайызға ұлғайды. Ал биылғы бес айда 2 млрд АҚШ долларына жуықтады. Бұл 2025 жылғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,5 пайызға көп. Инвестициялық ынтымақтастықтың әлеуеті де едәуір артып келеді. Германиядан елге тартылған инвестициялардың көлемі 8 млрд АҚШ долларын құрайды. Оның 90 пайыздан астамы өңдеу өнеркәсібіне, химия саласына, құрылыс материалдарын өндіруге, көлік және агроөнеркәсіптік кешенге тиесілі. Қазір Елде германиялық тараптың қатысуымен 1102 кәсіпорын жұмыс істеп тұр.
Бауыржан Ысқақ, экономист:
- Қос ел арасында Мәдени-гуманитарлық ынтымақтасты та кең етек жайған. Еліміздің 58 жоғары оқу орны Германияның білім ордаларымен 192 халықаралық келісімге ие.
Ханс-Лиудгер Динель, Берлин NEXUS INSTITUT жетекшісі:
- Қазақстан мен Германия арасындағы қарым-қатынас жақсы әрі сенімді. Бұрын Қазақстанда көптеген немістер тұрған, қазір де олардың бір бөлігі осында тұрады.Қазақстанның мол табиғи ресурстары мен жақсы білім беру жүйесі неміс инженерлік тәжірибесімен ынтымақтастық орнатуға өте жақсы жағдай жасайды. Біз әсіресе Қазақ-герман тұрақты инженерия институты (CHINI) арқылы энергетикалық технологиялар мен көлік технологияларын дамытуға мүдделіміз. Бұл неміс инженериясының мықты бағыттарының екеуі. Сонымен қатар олар Қазақстанның табиғи ресурстары мол салаларымен де тығыз байланысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан 3 жыл бұрын дәл осы күні Германияға ресми сапармен келді. Сол кезде жүзеге асқан жобалар екі елдің технология, энергетика және логистика салаларына біршама серпін берді. Нәтижесінде қос ел арасындағы сауда көлемі артып, Қазақстан Германияның 50 жетекші сыртқы әріптесінің қатарына енді. Ал президенттің Берлинге жасаған биылғы сапары серіктестікке жаңа деңгейде серпін беретіні анық.
Әлішер Әли