Қ. Тоқаев Германияға сапарының басты мақсатын атады
Стратегиялық маңызды материалдар саласында серіктестік құруға құлықты. Бұл жайлы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Handelsblatt» іскерлік басылымында мақаласы жарияланды. Яғни жаңа өсім бағыттарын айқындайтын және бірлескен жұмысқа тың серпін беретін мүмкіндік қарастырылатыны жазылған, деп хабарлайды 24KZ.
Қара алтын — қарабайыр қалыпқа түсе қоймады. Бірақ жаһандық нарықтың назары жарқылдаған тасқа ауа бастағаны жасырын емес. Әлемдік көшбасшылардың әңгімесі сирек металдарға ойысты.
Олай болса, ұрымтал тұсты ұтымды пайдалану қажет-ақ. Өйткені Еуропа экономикасында стратегиялық мәнге ие 34 шикізат түрінің 21-і Қазақстанда өндіріледі. Литий, кремний, кобальт, ниобий, вольфрам және мыс сияқты сан түрлі элемент бар.
Бұларсыз өнеркәсіп өндірісі, микроэлектроника, цифрлық технология, тіпті машина жасау машақат. Берлинге барғандағы Президенттің де басты мақсаты — шикізатты технологияға айырбастау. Қосылған құны жоғары өндіріс тізбегін бірге қалыптастыруды ұсынады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз германиялық серіктестерге тек шикізат жеткізуге кепілдік беріп қана қоймай, геологиялық барлау мен кен өндіруден бастап, оны өңдеу, компоненттер шығару және материалдарды қайта кәдеге жарату кезеңдерін түгел қамтитын толық өндіріс тізбегін қалыптастыруды ұсынамыз.
Қазақстанның Еуропа үшін энергетикада да елеулі орны бар. Еуропа Одағына импортталатын мұнайдың 13, ал табиғи уранның 20 пайызын ел жеткізді. Былтыр Германияға жеткізілген мұнай көлемі 10 млн тоннадан асқан. Транскаспий халықаралық көлік бағдары да — байыпты қадам. Баянды болары бәтуалы байланыстан. Мәселен, Қытайдан Еуропаға құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызға жуығы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Былтыр 40 млн-дай тонна жүк жеткізілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жаңа көлік жобалары бірқатар өңірді Каспий теңізіндегі айлақтармен тікелей байланыстырып, Қытай-Еуропа бағытын 1000 шақырымға қысқартады. Осылайша біз жолды қысқартатын бағыттарды қалыптастырып, Германия бизнесі үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отырмыз. Тағы бір әлеуетті бағыт — неміс компанияларын еліміздің аумағы арқылы әуе жүк тасымалын жүзеге асыруға белсенді тарту және Қазақстандағы әуе хабтарын дамыту.
Бүгінде әлемнің сиқыршысы — цифрландыру. Жаңалық жаршысы — жасанды интеллект. Икемделіп, игермесе игіліктен құр қаласың. Қазақ-германның ынтымақтасатын тағы бір тұсы осы. Себебі қазіргі заманда тауар қозғалысы деректер қозғалысымен тығыз байланысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Немістерде «Einigkeit macht stark» — «Күш — бірлікте» деген нақыл сөз бар. Осы ұлағатты сөз мүмкіндіктерін тоғыстырған Қазақстан мен Германияның ықпалдастығын дәл сипаттайды. Өзара тиімді ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейте отырып, елдеріміз Еуразия құрлығындағы тұрақтылық пен өркениет кеңістігін нығайта береріне сенімдімін.
Сондай-ақ ортақ тарихи жады және мәдени дәстүрлер де халықтар арасын жақындата түседі. Елде 200 мыңнан аса этникалық неміс тұрса, Германияда Қазақстанда туып-өскен млн-нан аса азамат өмір сүреді. Яғни мемлекеттер саясатта мүдделес, өмірде халықтар сыйлас.
Автор: Нысаналы Ығыл