Қазақстан мен ГФР президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді
Мемлекет басшысы Германияға сапармен келуге шақырып, қонақжайлық көрсеткені үшін Франк-Вальтер Штайнмайерге алғыс айтты, деп хабарлайды «24KZ» Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Президенті Германия еліміздің Еуропадағы басты стратегиялық серіктесі саналатынына, ал екіжақты ынтымақтастық өзара сенімге, құрметке және ортақ мүддеге негізделгеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы дипломатиялық қатынас орнағанына 35 жыл толатынын еске салды. Осынау кезеңде екі ел серіктестіктің барлық бағытында елеулі табысқа қол жеткізді.
Президент Франк-Вальтер Штайнмайер Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астана мен Берлин арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты кеңейтуге қосқан үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді.
Ол Қазақстан Президентінің бұл сапары екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беріп, мүлдем жаңа деңгейге шығаратынына сенім білдірді.